«Жаһандық қауіпсіздік жалпыға ортақ мәселе» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 21-і, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***
Кеше Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясы ашылды. Бұл сессияның ең басты ерекшелігі, осыдан 10 жыл бұрын Нью-Йоркте БҰҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен ұйымның Мыңжылдық саммитінде қабылданған мыңжылдықтың даму мақсаттарына қатысты жалпы пікірсайыс (дебат) болмақ. БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация да қатысуда. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жаһандық қауіпсіздік жалпыға ортақ мәселе» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Басылымның жазуынша, қыркүйектің 19-ы күні Қ.Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездескен. «Кездесуде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитіне қатысуға шақырған хатты табыс етті. Қанат Саудабаевтың атап өткеніндей, БҰҰ халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін әлемдегі ең беделді ұйым болып табылады», деп жазады басылым.

«Биылғы жылғы қуаңшылық диқандар қауымын дүрбелеңге салғаны жасырын емес. Көрші Ресейде астық көлемінің 30 пайызы күйіп кеткені белгілі. Ал, Қазақстан диқандары қолайсыз жылдардың өзінде қолдарын қусырып қалмаған. Ал, Сыр маржаны - ақ күрішті аялап өсіретін Сыр диқандары жыл өткен сайын толайым табыстарға жетіп келеді», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Астық таулары биіктеп келеді» деген тақырыптағы мақаласында. Ағымдағы жылы Сыр аймағының 85,5 мың гектар жеріне дәнді дақылдар орналастырылса, күріш егісінің көлемі 77,4 мың гектарға жеткізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға артық егілген. Ал, 42,43 гектар жерге күздік бидай, 1080 гектар алқапқа жаздық бидай, 800 гектарға арпа, 791 гектар жерге тары егілсе, дәндік жүгерінің егіс көлемі 1577 гектарға жеткізілген. Бүгінде жаздық, күздік бидайлар мен арпа жинау науқанына нүкте қойылып, күздік бидайдан 870 тонна, арпадан 420 тонна өнім жиналды.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының отырысы өтті. Төралқа отырысында "Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясына арналған іс-шаралар жоспары қаралды. Сонымен қатар, төралқа мүшелері депутаттар - фракция мүшелерінің 2010 жылғы 1 шілде мен 31 тамыз аралығында ел өңірлерінде атқарған көшпелі жұмыстарының қорытындысын да талқыға салды.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірі Жазушылар одағының 75 жылдығына арналған. Газеттің бас мақаласы да осы мерейтойға арналып отыр. Мақала авторы «осыдан 77 жыл бұрын Қазақстан Жазушылар одағының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Алаштың арда ұлы Сәкен Сейфуллиннің: «Мен «адамның санасындағы қалдық» дегенді қаттырақ айтамын, өйткені адамның санасын, жан дүниесін қайта істеп, қайта жасауда жазушылар адам жанының инженері болуға тиіс. Біз бұл міндетті қалай орындауымыз керек? Бұл сапасын көтеріп, заманға лайықты шығармалар жасаумен шешілмек. Олай болса, адам жанының инженері болып, ұлы заманымызға лайықты шығармалар жазуды өз атымызбен сақтауымыз керек» деген сөзін алға тартады. Сондай-ақ «қай кезеңде болмасын, Жазушылар одағы ұлт мүддесін үлкен мінберден айтып, қоғамның санасына серпіліс беріп, адам тәрбиелеуде елеулі идеологиялық міндеттер атқарды. Тіпті Кеңес өкіметі тұсында да коммунистік идея құрсауында бола тұра, қазақ қаламгері Алаш баласының азаттыққа деген аңсарын астарлап болса да жеткізуге тырысқанын» айта келіп 75 жылда Жазушылар одағы қандай жетістікке жеткенін сарапқа салған.

Сондай-ақ осы басылымның «Парламенттің тілі қашан түзеледі...» деген мақаласы тағы да тіл мәселесіне арналған. «Әрине, тіл мәселесін қайта-қайта тықпалап, тіл саясатының кез келген тұсынан «төңкеріс» іздеуден аулақпыз. Бірақ осы саладағы 20 жыл бойы жүргізілген ұлттық саясаттың жемісі қанеки?! Бәрін айтпайық, Мәжілістің мінберінде мемлекеттік тілдің мерейі үстем болмай тұрып, басқа жерде оның елдік мәртебесі туралы дәріптеудің реті қалай болады екен?!» деген автор тіл мәселесінің әлі де шешілмей отырғанына наразы. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, «Алаш айнасы» газетін назарыңыздан жіберіп алмаңыз.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдары «Әдебиет мемлекеттік идеологияға қызмет етуі керек пе?» деген тақырыпқа арналыпты. Тақырыпты додаға салған жазушы Дидар Амантай «Әдебиет мемлекеттік идеологияға қызмет етпеуі тиіс. Әдебиеттің алға қойған өз ұлы мұраты бар. Сөз өнерінің асыл мұраты - гуманизм, ізгілік, адами және ұлттық құндылықтар, халықтың намысы мен мұң-мұқтажы», десе, бұл пікірге қарсы шыққан жазушы Сәбит Досанов «Әдебиет - идеологияның ең қуатты қаруы. Әдебиет мемлекеттік саясатқа қызмет еткенде билікті бірыңғай мақтауға тиіс емес. Жетістігін де, кемшілігін де көрсете білуі керек. Мемлекеттік идеология ең алдымен халыққа қызмет етеді, ал әдебиет - халықтың игілігі. Егер жоғары билік халыққа ұнамды, жағымды қызмет етіп отырса, бұл әдебиетте көрініс табуы тиіс. Егер мемлекеттік саясат өз үдесінен шыға алмай, халыққа қызмет көрсетуде кемшіліктер жіберіп жатса, әдебиет оны да назардан тыс қалдырмағаны жөн», дегені пікірін алға тартады.

***

«Елбасының халықаралық жобаларының жүзеге асуы арқасында Қазақ елінің бас қаласы «Ұлы жиындар орталығына» айналып келеді. Қандай деңгейдегі болсын, бұған дейінгі басқосуларды абыроймен өткерген Астанада осы салада өзіне тән өркенді өріс қалыптасуда. Әйткенмен, 56 елдің көшбасшысының басын қосатын ЕҚЫҰ саммитіндей ұлы құрылтай тек елорданың ғана емес, бүкіл Қазақ елінің тарихында тұңғыш рет болғалы отыр», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Жаһандық саммитке жан-жақты дайындық басталды» деген мақаласында. Жарияланымда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы түсініктеме беріп, ұлы құрылтайдың кейбір проблемалары мен келешек жоспарлары жайын кеңінен баяндаған.

Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариевамен арадағы сұхбат «ЕҚЫҰ саммиті қазақстандықтардың патриоттығы мен ауызбіршілігін күшейтеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым «Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті биік талапты игі бастамасы - ЕҚЫҰ саммитін өткізу - сол ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлер кеңесінің тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Бұл турасында не айтуға болады? Ең әуелі өз еліңе деген, Ұлт көшбасшысына деген мақтаныш сезімі оянатыны туралы айтамыз. Нақ осы жағдай Қазақстанның аймақтық көшбасшы рөлінен әлемдік деңгейдегі саяси ойыншы рөлінде көрінуіне мүмкіндіктер туғызады», депті. Екеуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.

«Маңдайалды мектептің ұстазы ұсталды». «Айқын» газетінің жазуынша, Қарағандыда қарақшылық шабуыл жасап, пәтер тонады деген күдікпен мектеп қызметкері істі болып жатыр. Мектеп жай мектеп емес, республиканың маңдайалды білім ошақтарының бірі - облыстық «Дарын» мектебі. Жай мұғалім емес, аталған мектептің оқу ісінің меңгерушісі. Қарағандының мамандандырылған ауданаралық соты «Дарын» мектебі оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған 40 жастағы Жұманова (аты-жөні өзгертілген - Қ.А.) атты әйелді қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 10,5 жылға, оның құрбысын да осынша мерзімге, меңгерушінің күйеуін 14 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды. Сотта күдіктілер қылмыстарын жарым-жартылай ғана мойындаған. Ал олардың қорғаушылары үкім күшіне енгенше, соттың келесі сатысына шағымдануға ниет етуде.

***

«Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен құқық қорғау саласын реформалау жөнінде жұмыс бабындағы кеңес өтті», деп жазады «Казахстанская правда» газеті Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сондай-ақ Үкімет басшысы осы күні әкімшілік реформа және министрліктер мен ведомстволар жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша да кеңес өткізді. Ал осы күні түстен кейін Үкімет басшысы К. Мәсімов Әбу-Даби әмірлігі Сауда-экономикалық палатасының президенті Мухаммад Сани Муршид әл-Рамейсимен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық қызметтестікті одан әрі дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы өзара байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды.