***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмимен арадағы әңгіме «Өткенді өлшемдей отырып, келешекке көз тігейік» деген тақырыппен берілді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай өрбіген сұхбат барысында басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген төраға: «Өткен 20 жылда Достастық елдерінің парламентшілері ауқымды жұмыстарды іске асырды, біздің елдеріміз бен халықтарымыздың көкейкесті мүдделеріне қатысты көптеген мәселелерде өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін негіз қаланды. Енді ТМД кеңістігіне көз жүгіртсек, онда интеграциялық үдерістердің одан әрі үдей түскенін байқаймыз. Яғни, ендігі жерде ТМД дамуының жаңа кезеңге ойысуына байланысты Ассамблеяның алдына жаңа міндеттер қойылатыны және осыған байланысты ТМД ПАА-ның іс-қимыл әлеуеті де кеңейе түсетіні күмәнсіз», - дейді.
«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының сарапшылар комиссиясын қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Көрме Қазақстанның ұлттық жобасы саналады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында тараптар Астанада «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мүмкіндігін қарастырды. «Бүгінде біз 2017 жылы көрмені өткізуге үміткер ретінде еліміз өз мүмкіндігін көрсетіп отырғанына қуаныштымыз. Біз комиссияның оң шешімі болған жағдайда, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу үшін дайындық жасау туралы шешімге келіп отырмыз. Оны ұлттық жоба ретінде санайтын боламыз. Біздің елімізге келген осы күндерде сіздер әртүрлі құрылымдардың өкілдерімен кездесіп, Астананың әлеуетін зерттеу мүмкіндігіне ие болдыңыздар, - деді Елбасы.
***
«Мәжілістің осы шақырылымында спикер Н.Нығматулин палата жұмысына біршама тәртіп енгізіп ерекшеленген еді. Соның бастысы депутат сауалдарын күн тәртібінің соңына қарай ысыру болған. Мұндағы спикер ұстанған уәж «депутаттың негізгі ісі заң шығармашылығы болуы тиіс» делінген. Алайда содан бері неше отырыс өтсе де, заң шығармашылығының құлпырып кеткенін байқай алмай отырмыз. Бәлкім, бұл бізге ғана солай көрінер. Дегенмен көппартиялы Мәжілістен мән де кетіп бара жатқандай. Кешегі күнтәртібі де жұтаң. Әйтсе де сол отырысты жиын соңына қарай ысырылған депутаттық сауалдар тағы да «құтқарып» қалған тәрізді», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Сонымен жұтаң отырысы жұтындырған халық қалаулыларының сауалдары қандай мәселелерді қамтығанын білгіңіз келсе, басылымдағы «Қытаймен шекараның бергі жағы қашанға дейін жұтай береді?» деген мақалаға назар салыңыз.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Бекзат Пірмантаевамен арадағы сұхбат «Бізде ядролық медицина бойынша нақты жобалар бар» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ғалым: «Ядролық физика» немесе «атомдық энергетика» сияқты сөздерден қорықпау қажет. Бүгінде бұл салалардың қажеттігін жете түсінетін кез келді. Оның бізге, біздің экономикамызға, жалпы, болашағымызға тигізер пайдасы мол. Ғылымның бұл саласының болашағы зор болатындығы анық. Сол себепті біз оны барынша дамытып келеміз», - дейді.
***
Биыл көктем кешігіп жатыр. Қыс ұзаққа созылды. Сірескен солтүстігіміз бен шытынаған шығысымызды былай қойғанда, оңтүстігіміздің өзі оңбай тұр. Тарих қойнауына кетуіне бір апта қалған Қоян жылы қаһарын көрсетудей көрсетті. АҚШ-ты айтпағанда, Африкаға дейін азынатып, кәрі Еуропаға дейін кәрі төкті. «Жаһан жылынып барады» деп қақсап жүрген қасқа бас ғалымдапрдың өзі биылғы қыстың беталысынан кейін тілін тістеуге мәжбүр болды. Оқымыстылардың пікірі екіге жарылды. Бірі - бұрынғыдай «жаһандық жылыну күшейіп келеді» десе, бірі - «ғаламдық суыну басталды» деп жаңадан мұз дәуірінің құлағын қылтитып қойды. Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл жайында «Айқын» газетінің бейсенбілік санындағы «Жаһандық жылыну - жалған, ғаламдық суыну - ақиқат па?» деген тақырыптағы мақаладан біршама мағлұмат алуға болады.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Наина Ельцинаны 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Мемлекет басшысы телефонмен сөйлесу барысында Наина Иосифовна әйел затына тән адалдықтың, өз ісіне берілгендіктің және еңбексүйгіштіктің, асқан қарапайымдылық пен әдептіліктің жарқын үлгісі болып қала беретінін айтып өтті. «Президент Қазақстан мен Ресей Наина Ельцинаның жұбайы, Ресей Федерациясының тұңғыш Президенті Борис Ельцин негізін қалаған достық, одақтастық және серіктестік қарым-қатынастарды барынша нығайтуды және дамытуды жалғастыра беретінін атап көрсетті», - деп жазады басылым.