Жахангер жаһанды бағындырғысы келеді: 10 жасар бала мәнерлеп сырғанаудан талай жарыста топ жарып жүр
Қызығушылығы қалай оянды?
Өскемен қаласында дүние есігін ашқан Жахангер қазір Алматыдағы Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясында оқып жатыр.
Баланың мəнерлеп сырғанауға деген қызығушылығы қалай оянғанын анасы Гүлдана Әбілқасымова айтып берді.
- Ұлым 8 жасына дейін ешқайда қатыспады. Арасында таэквандоға, биге, акробатикаға беріп көргенмін. Алайда барғысы келмеді. Содан 2020 жылы мəнерлеп сырғанауға апардым. «Әуелі коньки теуіп көрші» дедім. Көрді, ұнатты. Уақыт өткен сайын қызығушылығы арта түсті. Тіпті үйде тек мəнерлеп сырғанау туралы айтатын болды, - дейді ол.
Басқа балалар үйде теледидар мен телефоннан мультфильм көрсе, ол азаннан кешке дейін мəнерлеп сырғанау туралы видеоларды тамашалайды екен.
Жалықпайды, керісінше алдына биік мақсат қояды.
Жахангер мәнерлеп сырғанаудан Шығыс Қазақстан облыстық додасында 3 мәрте жеңімпаз атанған. Өңірде алдына жан салмаған соң республикалық жарыстарға жол тартты.
Ең алғаш рет 2021 жылы Шымкент қаласында өткен ҚР чемпионатында үшінші орын алған. Одан соң Алматы, Қостанай, Астана қалаларындағы жарыста бақ сынап көрді.
- Мәнерлеп сырғанаудың жарқын жұлдызы болған Денис Тен менің кумирім. Өзім жаттыққан «Звездный» клубының спортшылары екі жыл бұрын елордада Денис Тенді еске алуға арналған мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирдің жабылу рәсіміне қатыстық. Сонда маған жеке өнер көрсетуге мүмкіндік берілді. Қуанышымда шек болмады! Әрине, қобалжыдым. Сол сәтті ешқашан ұмытпаймын. Енді басталған жеке мансабымдағы ең жарқын сәттердің бірі десем де болады. Мені қолдап, сенім артқан жаттықтырушыларыма рахмет!, - дейді Жахангер Әбілқасымов.
Өз сөзінде ол Денис Тен секілді Олимпиадада ел абыройын асқақтатқысы келетінін жеткізді. Әлемнің талай жерін шарлап, биік белестерді бағындыруды қалайды.
- Былтыр балам Алматыдағы Денис Тен атындағы Global Figure Skating мəнерлеп сырғанау академиясына түскісі келетінін айтты. Талпынысын, талабын көріп тұрып қалай қарсы болайын?! Кез келген ана бауыр еті баласының бақытты болғанын, қалағанына қол жеткізгенін қалайды ғой. «Бәріне шыдаймын, үйренгім келеді» деді. Содан келісімімді беріп, академияға түсуге құжаттарды дайындай бастадық. Оқуға қабылданған соң жалғыз жібермей, өзім де көшіп баратын болдым, - дейді анасы.
- Содан екі қызымды Өскеменде ата-апасының қасында қалдырып, ұлдарыммен Оңтүстік астанаға аттандық. Жахангер 2022 жылдың кыркүйегінен академияда оқуда. Пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Өзім сол академия маңындағы жанармай бекетінде кассир болып жұмысқа орналастым.Шығыс Қазақстандағы түсті металлургия кәсіпорны - «Казцинк» ЖШС баламның болашағына сеніп, қаржылай қолдау көрсетуде. Басқа да демеушілер қарастырып жатырмыз, - дейді Гүлдана Әбілқасымова.
Бүгінде баланың жүзі бал-бұл жайнап, екі езуі үнемі екі құлағында жүреді. Себебі асқақ арманы орындалып келеді.
Бұл жеңіс жас өреннің жаңа жетістіктеріне жол аша түседі деп сенеміз!