Жаһанша Досмұхамедұлы оқудағы қазақ балаларына стипендия беріп тұрған - Д. Мыңбай

АСТАНА. 22 қараша. ҚазАқпарат - Жаһанша Досмұхамедұлы оқудағы қазақ балаларына стипендия беріп, қазақ тіліндегі оқу құралдарын көптеп шығаруға үлес қосты.

Бұл туралы бүгін Астана қаласында Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Алашорда көсемдерінің бірі, белгілі заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай айтты.

«Өткен ғасырдың басында ұлы даланы ұйқыдан оятып, ұлт рухына ұстын болған Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы еңбегі ұшан-теңіз. Өскелең ұрпаққа берер тағылымы орасан зор», - деді министр мерекелік шараны ашып.

«70 жылдан астам аттарын атауға тыйым салынып, еңбектерін шаң басқан архивтің сөрелерінен шығартпай қойған солақай саясаттың заманы өтіп, бүгінгі тәуелсіздік тұсында Алаш арыстарының рухы халықпен қайта қауышып жатыр. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзіне кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде қабылдаған батыл шешімі мен жүйелі жүргізілген салихалы саясатының арқасы деп білеміз», - деді ол.

Одан әрі Жаһанша Досмұхамедұлының Алашорда өміріндегі алатын орны туралы ойларымен бөліскен министр, «ол ХХ ғасырдың басындағы ірі саясаткер, кәсіби заңгер, көрнекті қоғам қайраткері. Қазақ халқының оқу-білімге ұмтылуына жол ашып, білім алып жатқан қазақ балаларына стипендия беріп, қазақ тіліндегі оқу құралдарын көптеп шығаруға үлес қосты», - деді.

Оның айтуынша, Ж. Досмұхамедұлы Орынбор, Қызылорда, Ташкент қалаларында қазақ, Орта Азия зиялыларының қатарында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп және халықты ағарту ісіне күш-қайратын, білімін жұмсады. Қазақ-қырғыз білім комиссиясының ең белсенді мүшелерінің бірі болды.

«Ол әдебиетте де өзіндік үлесін қалдырды. Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романын орыс тіліне аударды. Сондай-ақ Тәуке ханның «Жеті жарғысын» қазақтың тұңғыш заңы ретінде күллі түркі жұртына танытты», - деді министр.

«Жаһанша Досмұхамедұлының еңбектерін зерттеу әлі де жалғаса береді. Оның еңбектері біздің қазақ үшін, қазақтың рухы үшін пайдасын тигізетін дүниелер. Сондықтан да ол кісі қазақ жасағанда мәңгі жасайды», - деп түйіндеді Дархан Мыңбай.

Шараға арнайы Батыс Қазақстан облысынан Жаһанша Досмұхамедұлының туыстары келді.

Кешке танымал өнер жұлдыздары Құрманбек Әлімғазы, Ерлан Рысқали, Ербол Айтбаев, Досым Мақсотов, Бибігүл Сауытова және басқалары қатысты. Сонымен қатар «Наз» би театры, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының камералық хоры мен оркестрі өнер көрсетті.