Жаир Болсонаруға терінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың дәрігерлері сәрсенбіде биопсия қорытындысы бойынша оның «терісіндегі сегіз өскіннің екеуінде» карцинома анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Еuronews.
Бұл диагноз «медициналық бақылауды және мерзімді қайта тексерілуді» қажет етеді, бірақ әзірге химиотерапия туралы әңгіме болған жоқ, деп хабарлады DF Star емханасындағы хирургиялық топтың жетекшісі Клаудио Биролини.
— Менің әкем бұдан да қиын шайқастарда жеңіске жеткен. Бұл жағдайда да солай болады. Жаир Болсонару жүйеге қарсы тұруға және Бразилия үшін күресуге батылы барған соң біз бұл тынымсыз қудалаудың салдары екеніне сенімдіміз, — деп түсіндірді бұрынғы мемлекет басшысының үлкен ұлы Флавио Болсонару.
12 қыркүйекте әсіре оңшыл көшбасшы 2022 жылғы президенттік сайлауда жеңілген соң мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Жоғарғы сот оны тарихи сот отырысынан кейін 27 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда, Болсонару барлық ықтимал құқықтық қорғау құралдары таусылмайынша түрмеге жабыла алмайды және оның адвокаттары жақын арада апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады.
Болсонару қорғаушылары оның денсаулығының нашарлығын түрмеде жазасын өтеуге мәжбүрлеудің орнына үй қамаққа алу дәлелі ретінде пайдаланады деп күтіліп отыр.
Болсонару кез келген заңсыздықты жоққа шығарып, өзін саяси қуғын-сүргін құрбаны болғанын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та мұнымен келісіп, сот процесін «мыстандарды аулау» деп атады. Шілде айында ол Болсонаруға қарсы істі мысалға ала отырып, Бразилиядан келетін импортқа кедендік баж салығын 50%-ға дейін көтерді.