Жақында қабылданатын маңызды заңдар: Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі

АСТАНА. KAZINFORM — Жақын арада бірқатар маңызды заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті. 

Фото: Мухтор Холдорбков/Kazinform

— Алдымызда аса маңызды, аса ауқымды міндеттер тұр. Кеше Президент Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды. Шындап келгенде, біздің негізгі жұмысымыз енді басталады. Депутаттар корпусы қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек. Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдаймыз, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, сонымен бірге Парламент тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізеді.

Айта кетейік, 17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.