Жақында Қазақстан мен Қытай трансшекаралық су ресурстарын бөлу келісімін бекітуі мүмкін

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Қазақстан мен Қытай екі ел арасындағы трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы келісімнің жобасын әзірлеп жатыр. Жақын арада бұл құжат бекітілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мәлім етті.

«Жалпы, Орталық Азия елдерімен және Ресеймен тиісті шарттар бар. Қазір Қытаймен арада су бөлу бойынша келісім жобасын пысықтап жатырмыз. Әзірге, оған қол қойылмады, яғни бекітуге жақындап қалдық. Осы құжат жобасын біраз жылдан бері талқылап келеміз. ҚХР-мен арада трансшекаралық 25 өзен бар, соның ішінде екеуінде ғана ағын көлемін білеміз. Осы екі өзенде гидробекеттер болды. Ал қалғанында тиісті жабдықтар ескерілмеген», - деді Б.Бекнияз елордада өткен жиында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл бағытта зерттеулер ұйымдастырылды. 

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Біздің мамандар Қытайға сапарлады, сондай-ақ көрші елдің сарапшылары бізге келді. Бірлесіп бүкіл өзендерді зерттедік. Аталған келісімді бекіту үшін осы өзендерге қатысты нақты деректерді анықтау керек. Қазір қанша су келетінін біліп отырмыз», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған Су ресурстары және ирригация министрлігінің, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) мен халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылымдардың өкілдері кіреді.