Қазіргі уақытта YDD Corporation ферроқорытпа зауытында арнайы комиссия тексеріс жүргізіп жатыр, оның құрамына барлық уәкілетті органдардың өкілдері енді.
Белгілі болғандай, бұл зауытты өткен жы және биыл еңбек инспекциясының өкілдері тексерген. Мониторинг нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталды.
«ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес өткен жылы бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) барып 1 профилактикалық бақылау жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша жұмыс берушіге еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқама берілді. Жұмыс беруші анықталған бұзушылықтарды толығымен жойды.
Ағымдағы жылы осы ұйымның қызметкерлерінен ұжымдық өтініш негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша жұмыс берушіге 15.09.2024 жылға дейін жою мерзімімен еңбек заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқама берілді. Жұмыс беруші еңбек заңнамасының анықталған нормаларын орындау бойынша іс-шаралар жоспарын жасады. Осы нұсқаманың орындалуы мемлекеттік еңбек инспекторының бақылауында», — деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасы.
Ведомство қандай бұзушылықтар анықталғанын нақтыламады. Алайда, зардап шеккендердің туыстары кәсіпорында қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша өрескел бұзушылықтар бар дейді.
«Менің інім қазір ауруханада жатыр. Оның беті мен қолын қатты күйік шалған. Мен олардың қорғаныс костюмдері қайда болғанын түсінбеймін? Неліктен бұлай болды? Бірақ қазір біз тек олардың аман қалуын тілеймізі», — дейді зардап шеккендердің бірінің әпкесі.
Осыдан екі жыл бұрын Сұңғат Тонтаев та осындай жағдайды бастан кешкен. Зауыттағы дәл сол пештен жалын шығып, ол күйіп қалқан. Алайда, ол әлі күнге дейін компаниямен соттасып жатыр.
«Біз ЖК атынан жұмыс істеген едік. Зауыттың ЖК-мен келісім-шарты болмаған. Мен ол жерде күйіп қалғанымды ұзақ уақыт дәлелдей алмадым. Жақында Жоғарғы сотта қаралған істе жеңіп алдым. Мен сол жерде жарақат алғанымды дәлелдедім. Енді талапты жалғастырып, материалдық өтемақы талап етемін», — дейді Сұңғат Тонтаев.
Оның айтуынша, мұндай жағдай осыған дейін де болған. Алайда бұл жағдайлардың барлығы жасырылып келді.
«Зауытта бұл пеш үшінші қабатта, жабық кеңістікте орналасқан. Төтенше жағдайда қашатын жер жоқ», — дейді Сұңғат Тонтаев.
Қазір ол жұмыс істемейді, оған ІІ топтағы мүгедектік берілген. Сонымен бірге Кореяда 100 млн теңгеге ота жасату қажет. Сондықтан ер адам компаниямен соңына дейін соттаспақ.
Естеріңізге сала кетейік, 20 шілдеде Қарағандыда ферроқорытпа зауытының пешінде кенеттен жалын шықты. ТЖ салдарынан кәсіпорынның 8 қызметкері зардап шекті. Олар профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша қосымша медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға академик Н.Д.Бәтпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарысов бастаған қызметкерлер тобы келді.
Зардап шеккен 6 адамның жағдайы өте ауыр. Тағы 2 науқас реанимация бөлімінде.
Науқастардың денсаулығы мен өмірі үшін күрес жалғасуда, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі.