Жақиянов - Тете жекпе-жегі қыркүйекте өтуі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Boxingscene.com сайтына белгілі болғандай, қазақстандық боксшы Жанат Жақияновтың оңтүстікафрикандық Золани Тетемен жекпе-жегі қыркүйекте өтуі мүмкін.

Тете өзінің таяудағы ұрысын   4 маусымда өткізуі тиіс еді - оның қарсыласы мексикандық Виктор Руис. Золанидің басты мақсаты - британдық Ли Хаскингпен кездесу, алайда ОАР боксшысы оған дейін рингте Жанат Жақияновпен қолғап түйістірмек. Boxingscene сайтының жазуына қарағанда, боксшылар командалары қазірдің өзінде алдағы ұрыс жөнінде келісім жасасты, ол қыркүйекте өтуі күтілуде, деп хабарлады  Sports.kz.

Баспасөзде Жақиянов пен Тетенің ықтимал жекпе-жегі жөнінде біраздан бері айтылып жүр, алайда қазақстандық боксшының промоутері Рикки Хаттон ешқандай нақты уағдаластық болған жоқ - бұл әлі сыбыс деңгейінде, деп мәлімдеді.

Жақиянов өзінің соңғы ұрысын 2015 жылғы 7 қарашада венесуэлалық Йонфрез Парехомен өткізіп, оны ұпай санымен жеңген болатын.