«Жақсы адам» жеңімпазы: Әр азаматтың міндеті – еліне қорған болу

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жақында Jibek joly телеарнасы көрермен көзайымына айналған «Жақсы адамдарым» бағдарламасын қорытындылап, ел ішінде ерлігімен, ерекше қайсарлығымен, танылған бүгінгі күннің батырларын марапаттаған еді. Олардың арасында полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Темірболат та бар. Нұрсұлтан балаларды қабаған иттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Kazinform.

Нұрсұлтан Темірболат – Астана қаласы ПД Жедел қимылдайтын арнайы жасағы арнайы моторланған бөлімінің инспекторы.

Ол 1991 жылы Алматы қаласында туған. ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында білім алған. Отбасы, бір баласы бар.

«Бұл оқиға 4 ай бұрын Астана маңындағы Көктал шағынауданында болды. Жұмыстан келіп, анама дәрі керек болғандықтан формамды ауыстырып, қайтадан көшеге шықтым. Мұнда жер үйлер көп, балалардың сабақтан келе жатқан сәті. Сонда үлкен алабай иттің қалаусыз жүргенін көрдім. Бала күнімде көз алдымда сыныптасымды ит талап, ауруханаға түскен еді. Содан бері қараусыз жүрген иттерге міндетті түрде мән беремін», - деп еске алады кейіпкеріміз.

Сол мезетте Нұрсұлтан көлігінен шығып, қабаған иттің соңынан жүгіреді. Қолына іліккен кесек таспен оны қаймықтырып, сол маңайда тұрған трактордың қасына қуалап әкелген.

«Көшеде балалы әйелдер, мектеп оқушылары көп еді. Ал ит өте агрессивті болды. Сол сәтте қорықтым ба, есімде жоқ. Бірінші кезекте балаларды ойладым. Оның назарын өзіме қарай аударып, жақын маңдағы трактор қасына әкеліп қамадым. Көп ұзамай оқиға орнына жергілікті учаскелік полиция инспекторы мен ит аулайтындар келді. Жұмыс барысында да қараусыз иттердің шабуылы оқиғасын жиі естиміз, бұл өте өзекті мәселе», - дейді Н. Темірболат.

Ол полиция қызметкерінің жұмыс бабында ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да ел қорғаны болу керектігін айтуда. Тіпті демалыс кезінде де жағажайда суға кеткен адамдарды құтқаратын кездері болған.

«Жұмыста да көп адамды құтқаратын, сын-қатермен бетпе-бет келетін сәттер болады. Оны толыққанды айтып отыру жарамас, бұл менің жұмысым. Жалпы кез келген адам айналасына қолынан келгенше көмек көрсетуі керек деп есептеймін», - дейді кейіпкер.

Айта кетейік, Жаңа жыл қарсаңында, 30 желтоқсанда Jibek Joly телеарнасынан «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығының арнайы теленұсқасы көрсетіледі.