Жақсы маман әрқашан да сұранысқа ие болады - Елбасы

А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Жақсы маман әрқашанда сұранысқа ие болады. Бүгін Ақордада тікелей желі арқылы халықпен тілдескен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сұрақтардың біріне осылай деп жауап берді,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сауал қоюшы Диана Балақанова келесі жылы оқу бітіреді. Дегенмен, бірден жұмысқа тұрып кететініне сенімсіз екендігін айтты. «Жақсы маман әрқашан  да сұранысқа ие болады. Дүниежүзіндегі нарық экономикасында ешқандай оқу бітірген студентке мемлекет жұмыс тауып беру жұмысымен шұғылданбайды. Мәселен, ҚБТУ, кейбір отандық университеттеріміздің студенттері 4-5-ші курстарда жұмысқа орналасып жатады. Бұл маманның кәсібилігі мен білімі сұранысқа сай болуы керек деген сөз», - деді өз жауабында Елбасы.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнын бітірген студенттерге қолдау көрсетілуі   тиіс. «Мемлекеттік грант сұранысқа ие мамандарға берілуі тиіс. Мәселен, бізге мұғалімдер, дәрігерлер керек, осы мамандыққа грант бөлінуі керек. Қазір инженерлер қажет. Яғни, жеке компаниялар өздері осындай сұранысқа ие мамандарға тапсырыс беруі   тиіс. Осыған қарамастан, студент-жастар санаты мемлекет жұмысқа орналастырумен айналасатын мамандар тобына кірді», - деп атап өтті Н.Назарбаев.