Бұл туралы бүгін «b-news» порталында өткен он-лайн конференцияда ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.
«Қазіргі күні өзіне бекітіліп тіркелген халқы бар учаскелік дәрігерлер, жалақыны қабылдауға келген науқастар үшін емес, жан басына шағып есептегендегі норматив бойынша алады. Яғни, оған 10 мың адам тіркелген болса, ол еңбекақыны емханаға келмеген, сау адамдар үшін де алады. Ал ағымдағы жылы біз жан басына шаққандағы нормативпен бірге, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде ынталандыру бөлігін енгізіп отырмыз. Бұл - дәрігер науқастардың көп болғанына емес, сау адамдардың көп болуына мүдделі болуы үшін жасалып отыр», - деп атап өтті министр.
С.Қайырбекованың сөзіне қарағанда, бұл мақсатқа бюджеттен 6,7 млрд. теңге қарастырылып отыр. Қаражат нысаналы жерге облыстық денсаулық сақтау басқармалары арқылы жететін болады.
«Егер дәрігердің учаскесінде ана мен сәби өлім-жітімі болмаса, туберкулез бен онкологиялық аурулар ерте кезеңінде анықталып жатса, оның учаскесінен науқастар инсульт, инфарктпен шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп жатпаса, оған екінші жалақы береміз. Бірақ ол үшін нәтиже көрсету керек. Емхана мен дәрігерлерді қағазбастылық пен есеп берумен әурелендірмес үшін, мәліметтерді басқа мекемелерден алып отырамыз», - деді ол.
Министрдің айтуынша, егер науқас инсультпен не болмаса инфарктпен ауруханаға түссе, мәліметтер БҰДЖ шеңберінде министрлікпен жұмыс жасайтын стационарлардың бірыңғай базасынан алынады. Ал онкологиялық, не туберкулездің ауыр кезеңімен аурухана төсегіне түсіп жатса, науқас туралы мәліметтер онкологиялық, туберкулезбен ауыратын адамдардың канцер-тіркемесінен алынады. Ал ана мен бала өліміне мониторинг тәулік бойы жүргізіледі.
«Сондықтан біз дәрігердің кабинетіне кірмей-ақ, оның жұмысының нәтижесін біліп отырамыз», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.