Жақсыбеков Астананың аязды күндері Елбасының айтқан сөздерін еске алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметке қалай келгенін және Астананың аязды күндері жүргізілген құрылыс жұмыстары туралы еске алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Әділбек Жақсыбеков 1997-2003 және 2014-2016 жылдары аралығында Астана қаласының әкімі болған. 1994 жылы елорданы ауыстыру шешімі жарияланғанда ол Ақмолада бизнеспен айналысып жүрген.

«Осы жерде өстім, менің туған қалам осы. Астананың көшірілетіні туралы жаңалықты менің жер­лестерім үлкен қуанышпен әрі үміт­пен қарсы алды. Бәрі де астана мәр­тебесімен бірге Ақмолаға жаңа өмір келеді деп күтті. Бірақ ол кезде мен, әри­не Мемлекет басшысы шешімінің ме­нің тағдырымды соншалықты өзгер­те­ті­нін білген жоқпын. Оны айтасыз, бүкіл елді, күллі қазақстандықтар тағдырын өзгертерін кім білген», - деп еске алды Әділбек Жақсыбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Астана - Қазақстан тәуелсіздігінің нышаны» мақаласында.

Біраз уақыт өткен соң Әділбек Жақсыбеков Қазақстан кәсіпкерлерінің алғашқы буынының өкілі ретінде Сенат депутаты болып сайланған. Парламентте нарықтық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде жұмыс істеген.

«1996 жылғы қыркүйектің бір күні аяқ астынан Президент Әкімшілігіне шақырту алдым. Ақмола облысында әкімнің бірінші орынбасары лауазымы енгізіліп, ол жаңа астананың экономикасы мен құрылысына жауап беретін болды. Мемлекеттік қызметші ретінде бағымды сынап көруіме мүмкіндік берілді. Көп ойланбастан, әрине келістім. Бұл ұлы іске өз үлесіңді қосу мүмкіндігі екені айдан анық еді. Шайқалып жүрместен, жұмысқа бірден кірісіп кетуге тура келді», - деп жазды ол. 

Жақсыбековтың айтуынша, Астананы көшірудің мерзімі 1997 жылдың соңы деп нақты белгіленді және Ақмолада негізгі нысандардың ауқымды құрылысы бас­талып кетті. Мемлекеттік органдарды орналастыру, тұр­ғын үйлер салу керек болды. Қала инфра­құрылымы бойынша көптеген мәселелер шешілмеген. Жолдар, коммуникация, энергетика - бәрі өте нашар күйде болған. 

«Мемлекет басшысы Ақмолада тұрақ­ты болып тұрды, құрылысқа тіке­лей басшылық жасады, әрбір жай­дың егжей-тегжейіне дейін ұғынды. Прези­де­нт­пен қатар жұмыс істеу мен үшін аса зор кәсіби әрі өмірлік мектеп болды. Нұрсұлтан Әбішұлы қарқынға қарқын қосты, ал біз бар күшімізбен одан қалмауға тырыстық. Кедергілер мен қиындықтар, әрине әрбір қадам сайын кездесті. Оның үстіне, оларды - нысандардың ескілерін де, жаңадан қосылғандарын да энергиямен, телефонмен қамтамасыз ету, коммуникация құбырларын төсеу және басқа толып жатқан міндеттерді - қысқа мерзім ішінде еңсеру қажет болды», - дейді Астананың алғашқы әкімі.

Сонымен бірге, Әділбек Жақсыбеков Астананың аязды күндері жүргізілген құрылыс жұмыстарын еске алды.

«Табиғаттың өзі де әуселеңді көрей­ін дегендей сынай түсті. 1996-1997 жылдардағы қыс аса суық болды. Алай­да сол аяздарға қарамастан, жұмыс бір сәт те тоқтаған емес. Мынадай бір көрініс ойымда қалып­ты. Температура минус 30-дан асып кеткен, оның үстіне қатты жел. Бәріміз салынып жатқан тұрғын үй­дің жанында жел ызғарынан бүрісіп тұрмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы келді, жан-жағына қарап: қалай-қалай соғады, ә! - деді. Біздің бәріміз бүрісіп: ой, айтпаңыз, айтпаңыз! - дедік. Ал ол дым болмағандай, біздің сөзімізді естімеген сыңай танытып: қалыпты жағдай, бұл жерлерде үнемі жел болып тұрады, сондықтан ауасы да таза! - деп сөзін жалғады. Осы сөздерден кейін бәріміз де жылынып сала бердік, әр жерден: соға берсін, бәрі де жақсы деген дауыстар шығып жатты», - деп жазды Әділбек Жақсыбеков.