Жақсыбеков қазақ футболына не бердi? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 желтоқсан, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

"Павлодар облысында тағы бiр мыс байыту зауыты ашылды", деп жазады "Егемен Қазақстан" газетi.

"Екібастұзда аяқ басқан жерің тас-көмір, кенге толы. Айналасы өндіріске толы Әлкей Марғұлан ауылы, «Аяқ Қожан» кен орны... «Fonet Er-Tai AK Mining» ЖШС-іне қарасты тағы да бір кен байыту фабрикасы ашылды. Өндіріс жылына 500 мың тонна кен мен 26 мың тонна мыс флотоконцентратын шығарады", - делiнген "26 мың тонна мыс!" атты мақалада.

Кәсіп­орын еліміздің Үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағ­­дарламасының Индус­трия­лан­дыру картасына енген. Жалпы, индустрияландыру бағдарламасы аясында бұл күндері өңірде құны 1 триллион теңге тұратын 85 жоба іске асырылуда.

***

"Айқын" басылымының бүгiнгi санында тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбековтiң "Тарихтың түп қазығы Қазақ хандығы болуы тиiс" атты тақырыппен сұхбаты жарияланды. Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң 550 жылдығы, тарих турасында өрбiген әңгiме жаңа деректермен астасып жатыр.

"Біз қазір Батыс түрік қа­ғанаты деп атап жүргеніміз, шын мәнінде он оқ елі болатын. Былайша айт­қанда, 10 тай­па­дан құралған мемлекеттік жүйе. Бұл бір кезде түркештер, тағы бір тұс­та қарлұқ­тар деп те аталды. Мәселен Шың­ғыс­ханға қатты қарсылық көрсетіп ұзақ соғысқан найман мемлекеті «найман хан­ды­ғы», керей мемлекеті «керей хандығы» атал­­ды. Осы күнге дейін осы жағын нақты айтпай ке­ле жа­тыр­мыз. Айтуымыз керек. Біздің мем­­ле­­кет­тік жүйеміздің, біздің көшпелі қо­ғам­­ның, көшпелі мемлекеттік саяси қоғам­дық құ­ры­лымның ерекшелігі осында. Қысқасы, мемлекеттік жүйе белгілі бір тай­па­лардың бас­шы­лығымен қалып­тас­қан. Еліміздің айна­ламыздағы көршілерге қарағанда өзін­дік басқаруы, өзіндік даму жолы болды. Жалпы айтқанда, қазақ хандығы - қазақ мем­ле­кетінің шыққан шы­ңы, жоғарғы биігі. Қазақ хандығы өмір­шең­дігін көрсетті, мық­ты­лығын танытты. Ке­ше­гі Кенесары баста­ған қазақ хандығының Ресей секілді оты­рық­шы елге қарсы тұра алуы, Абылайхан секілді тұлға басқарған елдің Қытайдай алып елмен алысып, өзімен санастыра бі­луі жай шаруа емес. Қазақ хан­дығының мықтылығы, жұмылған жұ­дырық­тай күштілігі", - дейдi Омарбеков.

Қазақстан футбол федерациясын 7 жыл басқарған Әділбек Жақсы­беков өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеді. Жақсыбеков тізгіндеген 7 жылда ел футболында не өзгерді? Алға басқан қадамымыз қанша, артқа кеткені ше? Осы сауалдарға "Айқын" жауап iздеп көрген. Автор Қазақстан құрамасының бұрынғы және бүгiнгi шама-шарқына, жетiстiктерi мен тоқырау көрген тұстарына, легионерлер мен бапкерлер тақырыбына, инфрақұрылым мен биiк мақсаттар және 2026 жылы әлем чемпионатын Қазақстанда өткiзу туралы мәселелерге егжей-тегжейлi тоқталған. Толығырақ "Жақсыбеков қазақ футболына не бердi?!" атты мақаладан оқи аласыздар.

***

Солтүстiк көршiлерiмiзге арзан көлiк сатып алуға ағылған қазақтарды Ресей рэкетирлерi бопсалауға кiрiстi, деп жазады "Экспресс К" газетi. "Лихие из 90-х" атты мақалада атап көрсетiлгенiндей, бандиттер "алым-салықты" ақшамен немесе темiр тұлпармен алады. Келiспегендердi соққыға жығып, "көк-ала қойдай" сабап кетiп отырады.

"Шекараға жақын қалаларда рэкетирлер белең алған. Олар тиiмдi бағамен көлiк сатып алуға келген қазақстандықтарды тонаумен айналысып жүр", - деп жазады басылым.