Жақсылық жаса: Батысқазақстандық кәсіпкер көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыс етті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда бүгін көпбалалы отбасыға пәтер кілті табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мейірімді көктем» жобасы аясында «Қаз-Хол» ЖШС басшысы Тимур Әмин жеті баланың анасы Манар Бүркітоваға үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Аталмыш пәтер Құрманғазы көшесі 198-мекенжайында 22 ақпан күні пайдалануға берілген тоғыз қабатты үйде орналасқан. Апатты жағдайдағы қос қабатты үйдің орнында мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында тұрғызылған жаңа үйде барлық жағдай жасалған.

Көпбалалы отбасыға сыйланған үш бөлмелі пәтердің аумағы - 90 шаршы метр. Газ, су, электр жүйесімен қамтамасыз етілген.

Осындай тосынсый үшін Манар Бүркітова қуаныштарының шексіз екендігін жеткізді.



Оның сөзіне қарағанда, ері Ержанмен бірге жеті баланы тәрбиелеп отыр. Он алты жылдан бері пәтер жалдап келе жатқан отбасында Е.Бүркітов қана жұмыс жасайды. Үш ұл, төрт қыздың алтауы қаладағы №46 мектепте білім алады. Үлкен қызы 16, кіші ұлы 3 жаста. Манар Кеңесқызы мұғалім болғанымен, екінші топ мүгедегі болып танылған қызының күтімімен үйде отыр.

Айта кетейік, «Қаз-Хол» компаниясы 2006 жылы құрылған. Содан бері Орал қаласында елуден астам үйді салған.



Көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі және басқа мұқтаж жандарға қолұшын созу мақсатында өңірде бастау алған «Мейірімді көктем» жобасы аясындағы жұмыстар бұдан кейін де жалғасын табады.