ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жас жұбайлар көпбалалы отбасыға азық-түлік жеткізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақжайық ауданында жаңадан шаңырақ құрған Тынымгерей мен Мәлика Амангелдиевтер үйлену тойы кезінде қымбат кортеждер жалдап, көңіл-көтерудің орнына қайырымдылық жасаған.
Өңірде басталған «Жақсылық жаса» жастар марафонын қолдаған жас жұбайлар аудан орталығы Чапаев ауылында тұратын көпбалалы отбасыға азық-түлікпен бірге қаржылай қолдау көрсетті.
Отбасылық өмірін осылайша шарапатты іспен бастаған жастар 9 баланы өмірге әкеліп, өсіріп отырған отағасы мен отанасының алғысына бөленді.
«Үйлену тойы - өміріміздегі ең үлкен қуаныш. Біз отбасылық өміріміздің алғашқы ақ парағын қайырымдылықпен бастағымыз келді. Біздің ниетімізді ата-анамыз қуана қолдады. Біз мұны атымызды шығару немесе мақтан үшін емес, жүрек қалауымызбен жасадық. Біз осы қадамымыз арқылы басқа да жас жұбайларды ойландырғымыз келді», - деді Тынымгерей Амангелдиев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).