ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мектеп түлектері мұқтаж отбасыларға қолұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлының мәлім еткеніндей, Қадыр Мырзалиев атындағы 11-сынып оқушылары аудан орталығы Жымпиты ауылында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасына бір айлық азық-түлік алып берді.
Олар осылайша мектеп бітіру кешіне жоспарланған қаржының едәуір бөлігін қайырымдылық мақсатына жұмсады.
Сонымен қатар, оқушылар көмекке мұқтаж қариялардың қонысына барып, олардың үйлері мен аулаларын тазалауға да уақыт тапты.
Аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Дауыловтың айтуынша, қайырымдылық бастамасын түлектердің өздері көтерген. Олар қасиетті Рамазан айында тойдың мәзіріндей аста-төк дастархан жайып, ысырап жасағысы келмеді.
«Түлектердің ұсынысын мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитеті қолдады. Сынып жетекшілері Жансая Есенғалиева, Гүлдана Нұғманованың қолдауымен «Қайырымдылық керуені» шарасы аясында жалдамалы пәтерде тұратын, мектеп жасындағы балалары бар отбасылар қамтылды. Түлектер кеші мектепте қарапайым түрде аталып өтілетін болады», - деді Е.Дауылов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).