ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық жастар көше тазалығымен айналысатын және базар маңында еңбек етіп жүрген азаматтарға ыстық тамақ пен шай таратты. Осылайша сауапты істің ұйытқысы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шараны өткізуге қолдау білдірген Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы жастармен бірге қайырымдылық шарасына қатысты.
«Сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан қала тазалығына белсенді араласып келесіздер. Осылайша қала келбетін сақтауда игілікті іс жасалады», - деді Болатбек Ұласқанұлы көше сыпырушыларға.
Сауапты іске облыстық Жастар ресурстық орталығы мен қала кәсіпкерлері де қолдау білдірді. Жастарды жақсылық жасауға баулу мақсатында қолға алынған шара үшін жұмысшылар алғыс айтты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.