#ЖақсылықЖаса: Павлодарда инспекторлар мұқтаж жандарға көмір әперіп жатыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы Ақтоғай және Шарбақты аудандарында қылмыстық-атқару жүйесінің инспекторлары ауыл тұрғындарының үйлерін жылытуға көмектесіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төрт бала тәрбиелеп отырған Ақтоғай тұрғынына екі айға жететін отын әкелді. Бұдан бұрын «Қамқорлық» акциясын өткізу барысында жалғызбасты анаға инспекторлармен бірге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары да қол ұшын берген еді. Ол кезде көпбалалы анаға бір айлық азық-түліктер әкелген болатын», - деп хабарлады Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.

Өңірлік ҚАЖ департаментінің дерегі бойынша, пробация қызметкерлерінің басты міндеті - қылмыстардың қайталанбауын қадағалап, істі болғандарға көмектесу. Инспекторлар олардың үйлерін аралап, әңгімелесіп шығады.

«Ақтоғай ауданы пробациялық қызметінде есепте тұрған барлық тұлғалардың материалдық-тұрмыстық жағдайы бақылауға алынған. Олардың барлығы мекенжайлары бойынша тексеріліп тұрады. Сондай-ақ, есепте тұрғын сотталушылардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз аудандық жұмыспен қамту бөлімімен тығыз жұмыс істеп, оларға көмектесіп жатырмыз», - деді Ақтоғай ауданы пробациялық қызметінің аға инспекторы Ризабек Алин.

Ал, ұрлық жасағаны үшін бір жыл алты айға бас бостандығы шектелген Шарбақты тұрғынына көмір әкелген.

«Шарбақты аудандық пробация қызметіне ер адам келіп, пеш жағатын көмірі таусылғанын айтты», - деді өңірлік ҚАЖД-дан. Шарбақты аудандық пробация қызметінің қызметкерлері оған көмектесу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінген. Бөлім қатты отын сатып алуға бюджеттен ақша бөлсе, пробация қызметі оны жеткізу үшін көлікпен көмектескен.

«Мемлекет тарапынан осындай көмек көрсету сотталушылардың қылмысты қайталамауына сеп болады», - деп есептейді Павлодар облыстық ҚАЖД Пробация қызметінің басашылығы.

Автор: Антон Гагарин