Жақын арада Еуроодақтың Қазақстандағы әуе компанияларына қатысты санкцияларының күші жойылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Еуропалық комиссия тарапы Қазақстанның әуе компанияларына қатысты санкциялардың күшін жояды деп болжап отыр.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа комитетінің көшпелі отырысында аталған ведомствоның бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

«Төрт жылдық жұмыстың қорытындысы бойынша ИКАО аудитінің қорытындысын өткен аптада алдық. Сол уақытта біздің авиация ЕО «қара тізіміне» енген болатын. Осы ретте бізге қатысты елеулі ескертпелерінің барлығы жойылды. ИКАО қауіпсіздігіне сәйкестік деңгейі бізде биыл 75 пайызды құрады, ал орташа еуропалық көрсеткіш 70 пайыз шамасында. Біз кеше ғана Еуропалық одаққа санкцияларды жою туралы өтінімді жібердік. Жақын арада барлық әуе компанияларына қатысты келеңсіз шаралардың күші жойылады деп күтудеміз»,-деді Ж. Қасымбек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті ИКАО-ның елеулі ескертпелерінің барлығын жойды. Қазіргі шақта қазақстандық «Эйр Астана» авиакомпаниясынан ғана ЕО елдеріне ұшуға шектеулердің барлығы алынып тасталған болатын.