Кездесу барысында байланыс операторларының қызметтеріне қатысты проблемалық мәселелері және «Интернет желісіне жаппай, кеңжолақты қолжетімділікті дамыту, сонымен қатар, байланыс операторларының (техникалық, заңды, экономикалық) проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасын» әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, 3G стандартындағы ұялы байланыстың Қазақстанда дамуына ерекше назар аударды. Министрдің айтуынша, бұл «азаматтардың жиі жүгінетін мәселелерінің бірі болғандықтан, бүгінгі таңдағы өзекті проблемалық мәселе, сол себепті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ерекше назарында».
«3G стандартын енгізу үшін қажетті радиожиілік спектрін қамту проблемалары өткен жылдың соңында шешілген болатын, дегенмен, ұялы байланыс операторлары радиожиілік спектріне рұқсатты рәсімдеуден бас тартты. Олардың айтуынша, қолданыстағы заңнамада радиожиілік стандартын пайдалану үшін салымдардың мөлшері бөлек қарастырылмаған, сол себепті жылдық төлемақы мөлшері жоғары.
Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі ұялы байланыс операторлары үшін салық міндеттемелерін төмендету мақсатымен 3G стандартындағы радиожиілікті пайдаланғаны үшін жылдық төлемақыны анықтау мәселесін талқылайтын жұмыс тобын құрған болатын. Аталған мәселелер жұмыс тобында қарастырылуда.
Мәжіліс ауқымында ұялы байланыс операторларының барлығы қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін түсінетіндіктерін және қызметтердің тарифтерін төмендету жөніндегі шешімдері туралы хабарлады. Сондай-ақ, байланыс компаниялары өз қызметтерінің тарифтерін «Интерконнект» есептесу ставкасымен төмендету жөніндегі ұсыныстарын жақын арада беру жөнінде өздеріне міндеттемелер алды.
Кездесу соңында, Қазақстан Республикасы байланыс және ақпарат министрлігінің Байланыс және ақпарат комитетінің төрағасы Р.Нұршабеков ҚР Салық кодексіне ұялы операторлардың салық төлемдерін төмендету туралы толықтырулар жобасын қарастыру барысында, ұялы байланыс операторларының тарифтерін төмендетуге арналған шаралары ескерілетіні туралы айтып өтті.
Анықтама: Қазақстанның Байланыс операторларының кеңесі - Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі жанындағы телекоммуникация саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдарды өңдеуді және жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын консультациялық-кеңесші орган. Оған телекоммуникациялық қызметтерді ұсынатын барлық компаниялардың басшылары кіреді. Жалпы кездесу шеңберінде, түрлі проблемалар көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланады. Кездесу ай сайын өткізіледі