Жақын перспективада астық өндіру мен оны экспорттауды арттыру басты міндет болуы тиіс - Қ. Тоқаев

ашаның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -  Қазақстанның ауылшаруашылық секторында жақын перспективада астық өндіру мен оны экспорттауды арттыра түсу басты міндет болуы тиіс.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру міндеттері және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды арттыру» тақырыбында өткен парламенттік тыңдау барысында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат.  

Сенат Төрағасының айтуынша, әлемдік астық экспорттаушылардың алғашқы бестігіне кіретін Қазақстан, өткен жылы дүниежүзі бойынша ұн экспортынан бірінші орынға шыққан. «Ағымдағы жылы да астық өнімдерінің рекордтық көрсеткіші жиналды. Сондықтан да, мемлекетіміздің азық-түлік балансы қамтамасыз етіліп отыр деп батыл жариялауға болады. Әрине, бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жемісі. Ендігі мақсат астықты дұрыс сақтап, ұлттық байлығымызды тиімді пайдалану болып табылады. Осы ретте, жердің, еңбектің, материалдық ресурстардың және салаға заманауи технологияларды енгізудің мүмкіндіктерін есепке ала отырып, жақын перспективада астық өнімі мен оның экспорты ауқымын арттыруға міндеттіміз деп ойлаймын», деді Қ. Тоқаев.

Сонымен бірге, сөз арасында Сенат Төрағасы соңғы жылдары мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты тұрақты қолдаудың жүзеге асып отырғанын да атап өтті. Спикердің айтуынша, 2009-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетте агроөнеркәсіп саласына 668 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсау көзделген. «Агроөнеркәсіп кешені саласына отандық және шетелдік инвестиция ауқымы да өсіп отыр. Бұл әрине, оң үдеріс», деді Қ. Тоқаев.