Жақында ел кинотеатрларында «Мұхаммед (с.ғ.с.) - соңғы елші» атты мультипликациялық фильм көрсетіле бастайды

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат/ Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында ел кинотеатрларында «Мұхаммед (с.ғ.с.) - соңғы елші» атты мультипликациялық фильм көрсетіле бастайды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының сайтына сілтеме жасап.

«Мұхаммед (с.ғ.с.) - соңғы елші» мультипликациялық фильмі мұсылмандықтың қалыптасу кезеңін нақты және қызықты суреттейді. Бұл мультфильм өзімізге және перзенттерімізге Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбармен және оның өмірімен жақынырақ танысуға көмектеседі.
Ондағы оқиғалар біздің заманымыздың 600 жылдарында өткен. Таяу Шығыс соғыс-жанжалмен ыдырап, адамдар арасындағы тыныштық бұзылып, тек билік пен алтынға, қан құнынына құмарлық әбден тараған кез. Міне, осынау адамдықтан алшақтай бастаған қараңғылық дәуірінде Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзат баласына ақиқат нұрын - Алла Кәламын алып келеді. Сөйтіп дүние құмарлықтарынан, нәпсінің шырмауынан құтылған жандар бүкіл әлемдердің Иесі - Алла Тағалаға иман келтіреді», делінген Басқарма таратқан ақпаратта. Қазақ және орыс тіліндегі мультфильм сәуірдің 29-ынан бастап көрсетіледі деп жоспарлануда.