Жақында республикалық бюджет шығыстарының бағыттары нақтыланады - Ерұлан Жамаубаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жақында ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының параметрлері мен бағыттары нақтыланады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін сатып алу тәртібін жеңілдетуге қатысты тоқталсақ, бюджеттің төртінші деңгейі аясында жүзеге асырылатын сатып алуды оңайлату мақсатында мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 3 мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін сатып алу нормасы көзделген. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқару органдары бір көзден сатып алуды оңайлатылған тәртіппен жүргізуге асыруға мүмкіндігі бар», - деді Е. Жамубаев.

Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қайта құруды ескере отырып, сатып алу тәртібін одан әрі оңайлату «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы шеңберінде пысықталатын болады.

«Жұмыста формализм мен артық рәсімдерді жоюға, жергілікті өнім берушілерді қолдауға және жұмыс орындарын ашуға, халықтың сатып алу процесіне және шарттардың орындалуына бақылауды жүзеге асыруға қатысуына баса назар аударылатын болады. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауында Қаржы министрлігінің құзыретіне қатысты басқа да тапсырмалар бар. Олар бойынша тиісті ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылатын болады», - деді министр.

«Жақында ағымдағы жылға арналған республикалық бюджет шығыстарының параметрлері мен бағыттарын нақтылау күтілуде. Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық жоспарланған шаралар уақтылы қабылданып, қажетті қаржы мәселелер бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталатын болады», - деді ведомство басшысы.