Жақында туроператорлар лицензияны Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алатын болады

АСТАНА. 11 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы туроператор қызметін жүзеге асыруға лицензия беру, қайта ресімдеу, лицензия түпнұсқасын беруді қарастыратын мемлекеттік қызмет стандартының жобасын әзірледі.

Еске сала кетсек,  Мемлекет басшысы өзінің 2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік органдардың қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды белгілеген болатын. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі барлық лицензия турлерін электрондық форматта беруді жүзеге асыруда. Соның айғағы ретінде туроператорлар қызметін лицензиялау шарасы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асатын болады.

Алдағы уақытта халыққа мемлекеттік қызметтердің сапасын және қолжетімділігін арттыру жөніндегі жұмыс бұдан әрі де өз жалғасын табады.