Жақында ұлттық арнадан «Қазақтың жүз әні» атты жаңа ұлттық жоба эфирге шығады

АТЫ. 19 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Жақында «Қазақстан» телеарнасынан ұлттық ғұмырлы ән мұрамызды қайта жаңғыртатын жаңа бағдарлама - «Қазақтың жүз әні» ұлттық жобасы эфирге шығады.

«Жоба тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына арналған. Бүгінде қазақ әніне арналған жобаның қажеттілігі зор екені сөзсіз. Осыған байланысты бұл хабар Қазақстан ұлттық арнасы басшыларының идеясымен жасалып отыр. Бағдарлама 26 ақпаннан бастап, апта сайын, әр жексенбі күндері сағат 19.00-де шығатын болады. Хабар - 90 минуттық. Форматы шоу жанрында, телекөрермендердің тікелей қатысумен бірнеше бағытта өрбитін болады. Біріншіден, жүздікке енетін үздік шығармаларды таңдау көрермен талғамына берілсе, екіншіден хабар интелектуалдық сайыс ретінде өтеді. Қатысушылар қарапайым көрермен емес, қорытынды жүздікке енетін шығармаларды таңдайтын жандар болады. Әр көрермен әннің тағдырын шешетін адамдар болғандықтан, біз осыған дейін жобаға қатысушыларды арнайы кастингтен өткіздік, қазақ әндерінің тарихын жақсы білетін, ән айтуды жаны сүйетін адамдарды іріктеп алдық. Ал хабарға әндердің іріктелуіне келсек, алғашқы кезеңде қазақстандықтар өздерінің сүйікті әндерін ұйымдастыру алқасына жіберді. Арнайы музыкалық редакцияда осы әндердің ішінен жиі орындалып жүрген 200-ден аса танымал әндер іріктеліп алынды. Сол әндерді зерттей отырып, ұйымдастырушылар өлеңдерге байланысты сұрақтар дайындады. Бұл тізімге 19 ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі «жеңісті» әндер қамтылды, Абайдың және басқа да классиктердің халық әндеріне айналып үлгерген шығармаларынан бастап кеңестік кезең мен заманауи шлягерлерге дейінгі әндер кірді десе болады. Айта кетерлік жайт, мәдени мұрамызға айналған әндер халық жадында қалғанымен әннің тарихы мен тағдыры жайында ақпаратты жинау оңайға соқпады. Дегенмен де жоба барысында жиналған қор теңдесі жоқ мәдени мұрамызға айналары сөзсіз», - дейді хабардың музыкалық жетекшісі Сағатбек Қалиев.

Оның айтуынша бұл музыкалық хабар батыстық өркениеттің шырмауында қалып бара жатқан өскелең ұрпаққа әуезді халық әндерімен, оның тарихымен таныстыруға ықпал етіп қане қоймай, көрермендерді ұмыт болып бара жатқан сүйікті әндерімен қайта қауыштырмақ.

Сағатбек Қалиевтің айтуынша, жобаның соңында халық талғамының таразысына түсіп, іріктелінген 100 ән СD және DBD жинақ болып жарыққа шықпақ.

Аталмыш жобаның продюссері Динара Адамның айтуынша, сахналық түсірілім алаңы соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған. «Ән мұрамызды насихаттауға арналған ұлттық дүние болғандықтан, ең озық телевизиялық және шоу техникаларды қолданудамыз, сапалы, жоғары деңгейлі хабарды жасау біздің міндетіміз, сондықтан да бұл жобаға шет елдік әріптестеріміз де тартылды. АҚШ пен Германиядан әлем жұлдыздары ғана қолданатын 40 тоннаға жуық шоу-қондырғылар әкелінді. Бұл әлемдік деңгейдегі қондырғылар мен кәсіби мамандардың қойылымдары мәдени мұрамыздың көрінісін айқындата түседі деп сенемін», - деді ол.

Бағдарлама жазға дейін жалғаспақ.