«Жаңа қадамдар арқылы прокуратура әлсіреп кетеді деп ойлайды. Олай болмайды, біз қажет емес тексерулерден құтыламыз. Жемқорлыққа жол ашатын тексерулерді прокуратура доғарады. Енді прокурорлар бизнесті тексеруді қояды, олардың ондай құқығы да болмайды. Мемлекеттік органдарды, айналып келіп әкімдікті және оның жанындағы бөлімдерді тексере береді, бұдан былай осындай шаралардан құтылады», - деп түсіндірді Бас прокурор.
Оның сөзіне қарағанда, халық көбінесе тергеу мен соттың үкімдеріне шағымданады.
«Бұл жұмысты біз шетте қалдырдық. Шегі жоқ жалпы қадағалаумен айналысамыз деп, күшіміз бен уақытымыз тергеуге жетпей жатыр. Сондықтан жақында Елбасының тапсырмасымен арнайы топ құрылды, мақсат - Қылмыстық-процессуалды кодекске жаңаша қарау. Қылмыстық процеске іліккен адамдардың құқықтары жеткілікті қорғалған ба? Тергеу органдарына көп билік беріп қойған жоқпыз ба? Адвокаттар, басқа да процеске қатысушылардың қорғануына мүмкіндік жеткілікті ме? Бүкіл әлем сандық технологияларға көшіп жатқанда, неге біздің қылмыстық істер осы күнге дейін қағаз түрінде жүргізіп жатыр? Енді әлемдік үздік тәжірибені ескере отырып, біз де негізгі күшімізді қылмыстық процеске саламыз. Халқымыз ең көп шағымданатын сала сотқа дейінгі тергеуге қатысты», - деді Ж. Асанов.
Қадағалау енді шексіз болмайды. Конституцияға сай оның нақты ауқымы бекітілмек. Жаңа қадағалау үш формада жүргізіледі, яғни тексеру, талдау, құқықтық актілерді бағалау қамтылып отыр.
«Бұрынғыдай басы мен аяғы жоқ тексеру тоқтайды. Қазір ІТ-технология дамып бара жатыр. Кез келген заң бұзушылыққа кабинеттен шықпастан талдау жасап, соны анықтауға болады. Ол үшін білім мен біліктілік керек. Бұл норманың жақсылығын ең алдымен кәсіпкерлер сезінеді. Енді прокурор өз бетінше бизнесті тексере алмайды. Қылмыс болмаса, ешбір прокурор араласа алмайды», - деді ол.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Прокуратура туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасында жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары айқындалған, оның негізгі бағыттары нақтыланған, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілер қызметінің заңдылығын сақтау үшін жоғары қадағалаудың шекаралары белгіленді.