«Әрине, даулар кез келген қоғамда бар. Бірақ олардың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Ең тиімді жол дауды сотсыз шешетін институттарды дамыту. 2017 жылы бітіммен аяқталған даулардың үлесі 4 пайыз. Шындығын айтсам, бұл цифрға мен сенбеймін. Өйткені, кеше ғана маған айтты, оның ішінде өтірік көп. Не үшін істеп жүрсіздер сонда? Мына жерде мақтау қағазын алу үшін бе? Сонда халықтың пікірі Сіздерге маңызды емес қой? Статистикада жалғандық көп», - деді ҚР Жоғарғы сот төрағасы.
Оның айтуынша, тараптарды бітімге келтіру қазақ халқы үшін жаңалық емес. Өйткені, билер сотының түпкі мақсаты екіжақты татуластыру, табыстыру болған.
«Дау мұраты біту» деген нақыл сөз осыдан қалған. Екінші жағынан бұл әлемдік тренд. Дамыған елдерде тартысты шешетін балама институттар көп. АҚШ-та, дамыған елдерде даудың көбісі соттан тыс жерде шешіледі. Қытайда тартыстардың 30 пайызы, Словенияда 40 пайызы сотта бітіммен аяқталады. Біз мүмкіндігінше біреуі жеңсін, екіншісі жеңілсін дегенге ұмтыламыз», - деді ол.