«Мүлікті бұғаттауға қатысты айтар болсам, бұл тәжірибе түбегейлі өзгереді деп ойлаймын. Өзгермейтін болса, онда судьяларды белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартамыз. Тек қана күдіктінің емес, сонымен бірге оның туған-туыстарының, достарының, балаларының мүлкін, барлығын бұғаттайды. Күні кеше нормативтік қаулы қабылданды. Ендігі уақытта қылмыстық жолмен алынғандығы туралы мәліметтер бар мүлік қана бұғатталады. Егер ондай мәлімет болмаса, онда бұғаттаудың қажеті жоқ. Біздің құқымыз жоқ», - деді Жоғарғы сот төрағасы.
Жақып Асанов тергеу соттары сотқа дейінгі кезеңде сот бақылауын лайықты деңгейде қамтамасыз етуі тиістігін баса айтты.
«Мұны біздің процессуалды заңнамамыз талап етеді. Тергеуші судьялардан нотариустарға, тергеушілерге айналмауды сұраймын, санкцияларды бұрқыратып бере бергенді доғарыңдар», - деді ол.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдан бастап санкцияны тек судьялар ғана беретін болады. Сонымен қатар санкция берген соң оның негізділігін де жан-жақты тексеру міндетті.
«Егер күдік жеткіліксіз болса, онда ол тұтқынға алуға санкция беруден бас тартуы қажет. Тергеуші судья жиі тергеушінің жетегіне еріп кетеді. Тергеушінікі түсінікті, олар өз жұмыстарын жеңілдетеді. Күдікті қол астында болған кезде олар жақсы. Мойындату да жеңіл», - деді Жақып Асанов.