Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде әрбір жеті жоба бойынша жұмыс топтары құрылды. Аталған жобалардың ішінде мінсіз судьяны қалыптастырудан бастап электронды сотқа дейінгі барлық мәселелер ескерілген.
"Келесі аптада біз жобалық кеңсені жабдықтауды аяқтаймыз. Бүгінде әрбір команданың құрамы бекітілді. Бір командада екі адам бар. Олар жобаларды іске асырумен ғана айналысады. Әрбір жобаның теxникалық жағы бар, әдістемелік жағы бар, жобалық кеңсе соның бәрін үйлестіретін болады. Соттың басқа қызметкерлері де осы жұмысқа атсалысады. Командалардың барлық ой-идеялары негізінде сот жүйесін дамытудың жаңа тұжырымдасы әзірленеді", - деді Ж.Асанов Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің бүгінгі отырысында.
Айта кетейік, кеңес отырысында жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы талқыланды. Осы орайда шетелдік және отандық сарапшылар аталған құжатқа қатысты өз ойларын ортаға салды. Бас судья Жақып Асановтың айтуынша, осы айда жаңа кодекс Үкіметке таныстырылады. Ал тамыз айында Парламенттің қарауына енгізіледі.