ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық сотында полиция қызметкеріне дөрекілік көрсетіп, оған жеңіл дене жарақатын салған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қылмыстық кодекстің 380-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қоғамдық орында масаң күйде айқайлап, балағат сөз айтып тұрған Б. есімді азаматты полиция лейтенанты М. тәртіпке шақырған. Дегенмен, полиция қызметкерінің айтқанына көнбеген ол тәртіп сақшысының арқасынан тебеді. Полиция лейтенантының киімінің түймелерін үзіп, жеңіл дене жарақатын салған», - деп жазылған Жалағаш аудандық баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сотта ол кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот үкімімен Б. ҚР Қылмыстық кодексі 380-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау орнатылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.