Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде білікті кадрларға сұраныс өте жоғары. Мәселен, облыстағы мекемелердің бірі заң бөлімінің басшысы лауазымына 1,25 млн теңге жалақы төлеуге дайын. Сонымен қатар өзге де кәсіпорындардағы бірқатар басшылық және жоғары білікті мамандар үшін жалақы 1 млн теңгеге дейін жетеді. Олардың қатарында бас бухгалтер, бөлім басшысы, бас механик және жоба бойынша бас технолог бар.
Медицина саласында жалпы хирург дәрігеріне 950 мың теңгеге дейін, бас дәрігер немесе мекеме басшысына 877 мың теңгеге дейін жалақы ұсынылады.
Техникалық мамандықтар бойынша да жалақы деңгейі жоғары. Бас инженер, геодезист, тиегіш машиналардың машинисі, жинақтаушы және қойма меңгерушісі сияқты мамандарға 600–700 мың теңге көлемінде жалақы ұсынылады.
2026 жылы мамандарға деген ең жоғары сұраныс құрылыс саласына тиесілі. Бұл бағытта 661 маман қажет. Ауыл шаруашылығында — 557, өнеркәсіп пен өндірісте — 333, көлік және логистика саласында — 246, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен энергетикада 157 маманға сұраныс бар.
Алматы облысы әкімдігінің болжамына сәйкес, алдағы 5 жылда өңірге 21 мыңнан астам маман қажет болуы мүмкін. Еңбек нарығында биыл 4 792 маман орны бос тұрса, 2027 жылы — 4 723, 2028 жылы — 4 793, 2029 жылы — 4 245, 2030 жылы — 3 790, ал 2031 жылы — 3 856 маман қажет болады.
— Еңбек нарығындағы сұранысты Электрондық еңбек биржасындағы көрсеткіштер де растайды. Мәселен, Enbek.kz платформасында Алматы облысы бойынша 2 637 хабарландыру жарияланып, 5 115 бос жұмыс орны ұсынылған, — деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ өңір басшылығы 2026 жылдың I тоқсанында Алматы облысында орташа айлық 376 012 теңге болғанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде 17,3 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын жазғанбыз.