Жалақыны сақтай отырып, жұмыс күнін қысқартудың тиімділігі дәлелденді
АСТАНА. KAZINFORM — Төрт күндік жұмыс аптасы енгізілгелі арада алты ай өткеннен кейін қызметкерлер өздерінің физикалық және психикалық жағдайларының жақсарғанын, сондай-ақ күйзелістің азайғанын атап өтті, деп жазды Euronews.
Жұмыс аптасын төрт күнге қысқарту адамдардың денсаулығын нығайтып, күйзеліс қаупін азайтуы мүмкін. Бұл туралы алты елде жүргізілген пилоттық бағдарлама нәтижелері көрсетіп отыр.
Жұмыс күнін қысқарту — қызметкерлер арасында депрессия, мазасыздық пен күйзелістің артуына жауап ретінде қолданылып жатқан шара. Қазір мұндай тәжірибені Польша, Исландия, Германия, Португалия сынды елдер де сынап көріп жатыр. Ал Бельгияда жұмысшылар ресми түрде төрт күндік жұмыс аптасын талап етуге құқылы.
Nature Human Behaviour ғылыми журналында жарияланған жаңа зерттеу жұмыс аптасын қысқартудың қызметкерлерге де, жұмыс берушілерге де тиімді екенін көрсеткен.
Зерттеуге Австралия, Канада, Ирландия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания және АҚШ-тағы 141 ұйымнан шамамен 2900 қызметкер қатысқан. Бұл компанияларда жұмыс уақыты қысқартылып, жалақы мөлшері сол күйінде қалған.
Айта кетейік, Польшаның Отбасы, еңбек және әлеуметтік саясат министрлігі 30 маусымнан бастап жұмыс уақытын аптасына бес күннен төрт күнге қысқарту бойынша пилоттық бағдарламаны іске қосқан еді.
Ал Жапония демографиялық дағдарысты оңтайлы шешу үшін ең ірі қаласы — Токиода мемлекеттік қызметкерлерге 4 күндік жұмыс аптасын енгізген болатын.
Испания үкіметі жұмыс аптасын 40-тан 37,5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын заң жобасын мақұлдаған болатын.