Ресми жалақы — адамның еңбегіне төленетін ақы ғана емес, оның әлеуметтік қорғалуының да негізі. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері, зейнетақы жинақтары және табысынан айырылған жағдайда отбасының қаржылық жағдайын сақтау мүмкіндігі жалақының толық көрсетілуіне және міндетті төлемдердің уақтылы аударылуына байланысты.
Жалақысын толық алатын адам қажет болған жағдайда өзіне тиесілі әлеуметтік қолдауды аламын деп күтеді. Алайда осындай жағдай туындағанда оның нақты табысының қанша бөлігі ресми көрсетілгені маңызды болады. Өйткені әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде әлеуметтік аударымдар жасалған кіріс ескеріледі.
Көбіне мәселе нақты жалақының бір бөлігі жасырылып, одан төленуге тиіс салықтар мен міндетті төлемдердің толық аударылмауынан туындайды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі еңбекке қабілеттілігінен, асыраушысынан немесе жұмысынан айырылған жағдайда қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табыстан айырылған кезде әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Ресми жалақының төмен көрсетілуі болашақ әлеуметтік төлемнің мөлшерін азайтуы мүмкін. Мұның салдары әсіресе адамның тұрақты табысы тоқтап, ал отбасының шығындары бұрынғы деңгейде қалған немесе көбейген кезде сезіледі.
Мұны шартты мысалмен түсіндіруге болады. Егер бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді есептеу үшін соңғы 24 айдағы орташа айлық кіріс 300 мың теңге деп алынса, 40 пайыздық коэффициент бойынша ай сайынғы төлем 120 мың теңгені құрайды. Ал жалақы толық көрсетілмегендіктен, есепке алынатын орташа айлық кіріс 150 мың теңге болса, төлем 60 мың теңге болады.
Осылайша, ай сайынғы айырмашылық 60 мың теңге. Бұл сомалардан міндетті зейнетақы жарналары әлі ұсталмаған. Төлемнің нақты мөлшері әр адамның жеке деректері мен заңнамада белгіленген шектеулерге сәйкес есептеледі. Отбасы үшін бұл айырмашылық баланың тамағына, киіміне және басқа да күнделікті қажеттіліктеріне жұмсалатын қаражаттың азаюына әкелуі мүмкін.
Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемді есептеу кезінде алдыңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жасалған кіріс ескеріледі. Сондықтан адамның нақты жалақысы жоғары болса да, оның бір бөлігі ресми көрсетілмесе, алатын төлемі күткеннен аз болуы мүмкін.
Жалақыны жасырудың ұзақ мерзімді салдары да бар. Зейнетақы жарналары толық аударылмаса, жұмыскердің болашақ зейнетақы жинағы азаяды. Ал еңбек дауы туындаған жағдайда нақты жалақы мөлшерін, жалақы бойынша берешекті және басқа да тиесілі төлемдерді дәлелдеу қиындайды.
Сонымен бірге еңбек шартының болмауы жұмыскерді еңбек құқықтарынан автоматты түрде айырмайды. Еңбек кодексінің 33-бабына сәйкес, егер жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты жасалмаса немесе тиісті түрде ресімделмесе, еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
Әлеуметтік қорғау саласында азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік тәуекелдерді азайту үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар ортақ жауапкершілік алады. Бұл жауапкершілік әр тараптың өз міндеттерін орындауына негізделеді.
Бұдан бөлек, Еңбек кодексінде жұмыс берушінің жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлердің демалысына жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем сомасын шегере отырып, орташа жалақы мөлшерінде ақы төлеуі көзделген. Бұл еңбек және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарында, жұмыс берушінің актісінде қарастырылған жағдайда жүзеге асырылады.
Қызметкердің әлеуметтік қамсыздандырылуы қалай қалыптасатынын түсіну үшін оның жалақысынан аударылатын төлемдердің мақсатын ескеру маңызды. Салықтар бюджетке аударылады, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) түсетін әлеуметтік аударымдар әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде азаматтарға төлем жасауға арналған. Әлеуметтік аударымдардың толық әрі уақтылы түсуі жұмыскердің ресми кірісін ескеріп, оған тиесілі әлеуметтік төлемді дұрыс есептеуге мүмкіндік береді.
Сондықтан жұмыскер еңбек шартындағы жалақы төлеу талаптарын тексеріп, есептелген жалақысы туралы мәліметтерді алып, әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарналарының уақытылы түсуін тұрақты бақылап отыруы қажет. Әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты eGov.kz порталы, кейбір банктердің мобильді қосымшалары, Қор филиалдары және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы алуға болады. Егер жұмыс беруші еңбек шартын жасасудан жалтарса, жұмыскер еңбек инспекциясына жүгіне алады. Ал міндетті төлемдер аударылмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына өтініш беруге құқылы.