Жалақы аз, еңбек жағдайы нашар: Абай облысында жұмысшылар шағымы ескерілді

Абай облысында жалақыларының аздығын, еңбек жағдайларының нашарлығын айтқан ЖШС жұмысшыларының шағымы ескерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Жарма ауданында орналасқан «SHARCEM» ЖШС сингапурлық компанияға тиесілі. Цемент шығарумен айналысатын зауыт жұмысшылары жалақының мардымсыздығын, еңбек жағдайларының нашарлығын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шағым түсірді.

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жұмыс сапарымен Жарма ауданында келіп, зауыт ұжымымен кездесті. Бұған дейін аудан әкімдігі және құзырлы облыстық басқарма өкілдері ЖШС иесімен өткізген жиын нәтижесінде осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап 200 қызметкердің жалақысын көтеру туралы шешім қабылданған болатын. Қазір мұнда қызметкерлерге арналған жатақхана мен асханада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


«Ең алдымен, барлық қолданыстағы еңбек келісімшарттарын қатаң сақтау шарт. Біз үшін әр қызметкердің құқығының сақталуы маңызды. Бұдан бөлек, жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде Жарма ауданының тұрғындарына басымдық берілуі қажет», - деді әкім.

Кездесу барысында жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімдері де нақтыланды. Атап айтқанда, асхананы 30 қыркүйекке дейін, жатақхананы 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.

Айта кетейік, аталмыш зауыт 2022 жылы пайдалануға берілген. Оның өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна цементті құрайды. Кәсіпорында 330 адам жұмыс істейді. Оның 37%-ы Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны.