Жалақы берешегі: Еңбек инспекторының ұйғарымы сот орындаушының бұйрығына теңестірілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жалақы берешегін уақтылы өтеу мақсатында еліміздегі еңбек инспекторының жұмыс берушіге беретін ұйғарымының мәртебесі сот орындаушының бұйрығына теңестірілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов толығырақ айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, осы жыл бойы еңбек инспекторлары 4,2 млрд теңге көлемінде анықталған жалақы қарыздарын өтей білді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 31 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды. Жалақы берешегін уақтылы өтеуді күшейту мақсатында биыл заңнамалық түрде мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушіге беретін ұйғарымының мәртебесі сот орындаушының бұйрығына теңестірілді. Бұл жалақы қарыздары үшін жұмыс берушілерге қосымша есепшоттармен мүлікке тыйым салу, елден шығуға шектеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді», - деді Біржан Нұрымбетов Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Еңбек эәне халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге еңбек тәуекелі картасы аясында жұмысшылардың жұмыстан босатылу қаупі бойынша апта сайын мониторинг жүргізуде. Осы жыл басталғалы 1200 кәсіпорында 15 700 адам жұмыс уақытын икемді режимге ауыстырған.

«Өз кезегінде жұмыс орындарын сақтау бағытында Үкімет тарапынан шұғыл шаралар қабылданды. Карантин кезінде табысының жоғалтуына байланысты азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем берілді», - деді министр.