Жалақы берешегі үшін жауапкершілік күшейтілді

ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Жуырда облыс әкімінің өкімімен дағдарысқа қарсы облыстық штаб құрылған болатын.

Кеше облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалығымен штаб өзінің екінші мәжілісін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов хабарлама жасады. Ол өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындардың жалақыға бүгінгі күнге жалпы қарызы 177,4 млн. теңгені құрайтынын, оның ішінде Арал ауданының берешегі 9,6 млн. теңге болғанын атап көрсетті. Бұл негізінен Арал-Сарбұлақ су құбыры кәсіпорны есебінен қалыптасты. Қармақшы ауданында 133 жұмысшыға - 3,1 млн. теңге, Жалағашта 24 жұмысшыға - 4,3 млн. теңге, Сырдария ауданы "Мәлібаев" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі 50 жұмысшыға 2007-2008 жылдар аралығында 2,3 млн. теңге жалақы берілмеген. Бұл сондай-ақ Шиелі ауданындағы "Қаптағай", "Диқан Ата" өндірістік кәсіпорындары 192 жұмысшының 8,2 млн. теңге ақшасын әлі күнге бермепті. Жалақы қарызының ең көбі - Қызылорда қаласының еншісінде. Мұнда 1931 адам 149,9 млн. теңге маңдай тер ақысын ала алмай жүр. Қарызын қайтаруға асықпайтын мекемелер қатарында "Су жүйесі", "Қызылордажылуэлектроорталығы", "Арна", "Альянс" сынды белді мекемелер бар. "Су жүйесі" мекемесінің қордаланған қарызы 106 млн. теңгені құрайды. Мәжілісте қала әкімі Мұрат Ергешбаев бұл мәселені апта ішінде шешетінін жеткізді. Облыс басшысы жыл сайын "Су жүйесі" мекемесінің қарызға белшесінен бата беруін өңіріміздегі тарифтің төмендігімен түсіндірді. ? Біз бір текше метр ауыз суға 40 теңге төлеп, мемлекеттен бар болғаны бес теңге көлемінде ғана субсидия аламыз. Тарифті көтеруден қорықпауымыз керек. Өзге өңірлердегідей 40 теңгеден артығын мемлекет көтереді, ? деді облыс әкімі сала басшыларына тапсырмалар беріп. Сонымен бірге "Альянс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі 557 жұмысшының қарызы қаңтардан бері бар болғаны 3,1 млн. теңгені ғана құрағанына күмән келтіргендер болды. Бұл тұрғыда облыс әкімі мәліметтердің нақты болуын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге ол алдағы уақытта жұмысшылардың қарызын өтемеген мекеме басшыларына әкімшілік шара қолданылатындығын ескертті.