Жалақыларын көтеруді талап еткен кеншілер жұмысқа шықпай қойды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Қазақмыс» корпорациясының кеншілері жалақыларын көтеруді талап етіп, жұмыс істеуден бас тартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жұмысшылар компанияның Қарағанды облысы Сәтбаев қаласындағы әкімшілік корпусының аумағына жиналып, басшылықтан еңбек жағдайларын жақсартуын талап еткен. Атап айтқанда, олар еңбекақыларын 70 пайызға жоғарлатуын айтты. 20 жылдық еңбек өтілі бар жұмысшылардың зейнетақы төлемдерін жалақының 30 пайызына арттыруын өтінді.


Сонымен қатар, олар «Қазақмыс» жұмысшылары үшін сауықтыру-шипажайларының тегін болуын сұраған.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі жағдайдың атқарушы билік  органдарының назарына алынғанан мәлім етті.

«30 қараша күні Оңтүстік Жезқазған кеніші қызметкерлері мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығының арасында еңбек дауы туындады. Облыс әкімдігі мен Сәтбаев қаласы әкімдігінің өкілдері, компания басшылығы оқиға орнында болды. Келіссөздер процесі жүріп жатыр. Жағдай бақылауға алынды. Ресми мәлімдеме келіссөздер аяқталғаннан кейін беріледі», - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.