Жалға берілетін баспана: биыл 14,5 мың пәтер сатып алынбақ

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобы санатындағыларды арендалық баспанамен қамтамасыз етуге қатысты түсінік берді.

- Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылға дейін жыл сайын кезекте тұрған шамамен 10 мың адамды жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету ескерілген. 2024 жылы 21 045 адамға жалға берілетін тұрғын үй берілді, оған 334,9 млрд теңге бөлінді. Биыл 14 556 пәтер сатып алуға 222,4 млрд теңге қарастырылды. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 7 223 тұрғынға жалға берілетін баспана берілді, - деді Қ. Қажкенов Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата отырысында.

Сонымен қатар ол қазір жеңілдікпен ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Кезекте тұрғандар «Отбасы банкі» арқылы 2% және 5% жеңілдікті мөлшерлемемен ипотека ала алады.

- 2025 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша кезекте тұрған 4954 адам жеңілдікпен несие беру тетігі арқылы тұрғын үй алды. Мұнымен қоса, тұрғындарға алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары беріледі. Оның ең жоғары сомасы - 1,5 млн теңге. Бұл механизм жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге 1486 тұрғын үй сертификаты берілді, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл елде жалпы 20 млн шаршы метрге тарта баспана тапсырылмақ.