Жалға беруші агрегаторлар самокатқа үлкен нөмір орнатуға міндеттелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында самокат тізгіндеп жүріп ереже бұзғандарды қалай жазалауға болатынын айтты.
- Самокаттардың бәрінде біріздендіру нөмірі бар. Өте кішкене, көзге әрең көрінетін болса да бар. Ол нөмірді самокатты жалға ұсынатын агрегаторлар орнатады. Бұл депутаттардың ұсынысы – осы нөмір көзге көрінетіндей, үлкен болу керек деп отырмыз. Шартты түрде айтсақ, самокат тізгіндеген жолаушы жаяу баланы қағып кеткен болса, қандай нөмірі бар самокат екенін көрінетіндей болу керек. Біз сол мәлімет бойынша агрегатордан оқиға болған уақытта кім тепкенін сұратамыз. Осылайша жол ережесін бұзған адам жауапқа тартылады, - деді ол.
Министрдің орынбасары Ресейде дәл осындай тәсіл бар екенін атап өтті.
- Біз де самокаттар Мәскеудегі сияқты көзге көрінетін болсын деп отырмыз. Өйткені біздегі нөмірлер сіріңкенің қорабындай ғана. Депутатармен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Қолдау тапса, осындай міндеттеме енгізіледі. Бұл самокат тізгіндеген кезде заң бұзатын адамдарды анықтауға мүмкіндік берер еді, - деді Игорь Лепеха.
Ресми дерек бойынша, 2024 жылдың басынан бері мопед пен электрлі самокаттың кесірінен 1,7 мың адам жапа шеккен.