Жалға беруші пәтерді еш себепсіз босатуды талап етсе не істеу керек

Фото: Фото: DALL-E

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Елімізде біреудің пәтерін жалға алып тұрушылар саны жетерлік. Кей жағдайда мүлік иесі еш себепсіз, кейде келісімшарт талаптарын бұза отырып, жалға алушыдан баспананы босатуды талап етеді. 

Мұндай жағдайда жалға алушы не істеуі керек? Қандай құқығы бар және заңсыз әрекеттерге қалай қарсы тұруға болады?

Заңнамалық негіздер

Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру қатынастары Азаматтық кодекспен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен және Салық кодексімен реттеледі. Адвокат Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, өз құқығыңды ғана емес, екінші тараптың құқығы мен міндеттерін білу — келіспеушіліктер мен жанжалдың алдын алуға көмектеседі.

Заңнамаға сәйкес, тұрғын үйді жалға берудің екі түрі бар:

Пәтерді жалға алу — пәтер иесінен бөлек жеке тұру;

Бөлмені немесе оның бір бөлігін жалға алу — пәтер иесімен бірге тұру.

Жалға алу шарты: негізгі ережелер

Жалға алу шарты мерзімді (белгілі бір уақытқа) немесе мерзімсіз болуы мүмкін. Егер жалға алу мерзімі бір жылдан асса, шарт ХҚКО-да тіркелуі тиіс. Шартта:

жалдау ақысының мөлшері;

төлемді кешіктірген жағдайда алынатын айыппұл сомасы;

шартты бұзу тәртібі;

тараптардың құқықтары мен міндеттер нақты көрсетілуі қажет.

Жалға беруші тұрғын үйді қанағаттанарлық жағдайда тапсыруға міндетті, ал жалға алушы төлемді кешіктірмей, шарт талаптарын сақтауы тиіс.

Жалға алушыны пәтерден себепсіз шығаруға бола ма?

Елімізде, заң бойынша, жалға беруші жалға алушыны еш себепсіз пәтерден шығара алмайды. Егер де:

Жүйелі түрде төлем жасалмаса (әдетте екі айдан артық) — ҚР Азаматтық кодексінің 556-бабы;

Шарт талаптары бұзылса — мүлікті бүлдіру, пәтерді заңсыз пайдалану;

Шарт мерзімі аяқталса — жалға алу шарты ұзартылмаған жағдайда;

Сот шешімі бойынша, жалға алушы заң бұзған кезде пәтерді босатуға міндетті.

Өз бетінше шығарып жіберу — заңсыз. Тіпті жалға алушы жалға берушіге қарыз болса да, оны пәтерден тек сот арқылы ғана шығаруға болады. Мұндай әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы бойынша «өзінше билік ету» ретінде қарастырылып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Жалға алушының құқықтары мен міндеттері

Жалға алушы құқылы:

заңсыз пәтерден шығарудан қорғануға — сот шешімінсіз пәтерден шығару мүмкін емес;

пәтердің жөнделуіне — пәтерді қанағаттанарлық жағдайда ұстау жалға берушінің міндеті;

шартты ұзартуға — егер төлемдер уақытылы төленіп, шарт талаптары сақталса.

Жалға алушы міндетті:

жалдау ақысын уақтылы төлеуге;

мүлікті ұқыпты пайдалануға;

пәтерді шартта көрсетілген мақсатта пайдалануға — мысалы, жалға берушінің жазбаша келісімінсіз басқа біреуге қайта жалға беруге болмайды.

Құқық бұзылған жағдайда қайда жүгіну керек

Егер жалға беруші шартты бұзып, заңсыз шығарамыз деп қорқытып, қысым көрсетсе, жалға алушы құқығын қорғау үшін сотқа, егер қысым көрсетілсе немесе қоқан-лоққы жасалса прокуратураға, тегін заң көмегін алу үшін Әділет министрлігіне (Қазақстан бойынша 119 нөміріне, Алматы мен Астана қалаларында — 58-00-58 нөміріне хабарласуға болады), ал егер ол әлеуметтік тұрғын үйге қатысты мәселе болса әкімдікке шағымдана алады.

Жалға алу шарты болмаған жағдайдағы тәуекелдер

Егер жалға алу шарты жазбаша түрде жасалмаса, бірақ жалға алушы тұрақты түрде төлем жүргізіп келсе — банк төлемдері, түбіртектер, хат-хабарлар жалға алу фактісін дәлелдейтін құжаттар ретінде қарастырылады. Дегенмен, ресми шарттың болмауы жалға алушы үшін көп жағдайда тиімсіз болуы мүмкін, мәселен, төлем мөлшеріне қатысты дау туған жағдайда, кенеттен пәтерден шығарып жібергенде құқығын дәлелдеуде қиындықтар тудырады.

Салық аспектісі

Заң бойынша, пәтерін жалға беретін азамат табыс салығын төлеуі тиіс. Егер пәтер шартсыз жалға берілсе, пәтер иесі салық төлеуден жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Естеріңізге салайық, былтыр Asia-Plus басылымы Душанбе, Ташкент, Бішкек, Астана және Ашхабадта бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерді жалға алу бағасын салыстырып, ең қымбаты Астанада екенін анықтаған еді.