Жалған ақпарат таратуға қатысты 7 іс сотқа жіберілді - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде əлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты сотқа дейінгі 100 тергеп-тексеру тіркелді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпараттық кеңістіктің мониторингін Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігі жүзеге асыратынына жəне жарияланымдарда қылмыстық құқықбұзушылықтар құрамының белгілері анықталған жағдайда оларды тергеу үшін Ішкі істер министрлігіне жіберетінін атап өтеміз. Осы жылдың 9 айында көрсетілген фактілер бойынша ішкі істер органдары ҚК-нің 274-бабымен сотқа дейінгі 100 тергеп-тексеруді тіркеген», - деді ҚР Бас прокуроры.

Оның дерегінше, 7 іс сотқа жіберіліп, 46 іс (қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты) тоқтатылды. 28 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдері үзілген (қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмаған - 20 іс, күдікті, айыпталушы Қазақстан Республикасынан тысқары жерде болуына орай - 2 іс, сараптамаға байланысты - 6 іс), 19 іс тергелуде.

«Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу аясында Бас прокуратура «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тəртібінде осы жылы БАҚ-та екі рет үндеу жасады. Оонда ұлттық алауыздықты қоздыруға, сепаратизмді насихаттауға жəне жалған хабарламаларды таратуға бағытталған құқықбұзушылықтар үшін заңда белгіленген жауапкершілік туралы ескертілді»,- деді Берік Асылов.