Ол сонымен қатар мемлекет пайдасына 177,7 млн. теңге айыппұл төледі.
Оқиға былай басталған еді. Бұдан бір жыл бұрын аталмыш серіктестіктің директоры Қызылорда мамандандырылған сотына өзі басқаратын мекемені банкрот деп табу жөнінде талап-арыз түсіреді. Ол мұны серіктестіктің салық және бюджеттік төлемдер үшін қарыз болып қалған ақшасын төлеуге қабілетсіз екенімен түсіндіреді. Нәтижесінде талап-арыз негізінде азаматтық іс қаралып, «GROUP Консалтинг» ЖШС сот шешімімен банкрот болып танылады.
Алайда бұл іс облыстық прокуратура назарын өзіне бірден аударды. Облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы С.Темірбекованың айтуынша, осыдан кейін арнайы тапсырма бойынша облыстық салық департаментінің мамандары аталмыш серіктестіктегі Салық Кодексі талаптарының орындалуына кешенді тексеру жүргізеді. Ал тексеру мекеменің 2008 жылғы наурыз бен 2009 жылғы мамыр айлары аралығында «АТФ-банктің» Қызылорда филиалында 1,74 млрд. теңге ақша айналымы болғанын анықтады. Осының өзі «GROUP Консалтинг» ЖШС басшыларының қасақана банкроттық ұйымдастыруға бейім болғанын байқатты. Ашығын айтқанда, аталмыш коммерциялық ұйым жетекшілері өздерінің жеке мүдделері үшін мемлекетке ірі көлемде зиян келтіре отырып, төлем қабілетсіздігін әдейі қолдан жасаған. Нақтысы, декларацияға кірістер мен шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректер енгізу арқылы ұйымдарға салынатын салықтар мен басқа да төлемдерді төлемеу әрекетіне барған.
Облыстық прокуратураның бастамасымен бұл қылмыстық оқиға қайта көтерілді. Осылайша жалған банкроттық серіктестік директорын жарға жықты.