Жалған дәрі-дәрмекті акциздік жүйе анықтайды - Денсаулық министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде әлем бойынша жалған дәрі-дәрмектердің саудасы қызып тұр. Қазақстанда да ондай проблема бар. Қазіргі кезде денсаулық сақтау министрлігі жалған препараттарға қарсы арнайы жүйені енгізіп жатыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге келетін дәрі-дәрмектің әрбір қаптамасында арнайы код болуы шарт. Былайша айтқанда, акциздік маркалар жүйесі тәрізді. Оны алкоголь мен темекі өнімдері саласында қолданады. Осылайша, дәрінің әрбір қаптамасы есепке алынады. Демек, құзыретті мемлекеттік орган да, Фармация комитеті де қолдан жасалған дәрі-дәрмектерді анықтай алады. Бұның барлығы бақылауда болады», - деді Фармация комитетінің өкілі Арнұр Нұртаев бүгін Астанада дәрі-дәрмектерді тиімді пайдалану мәселелеріне арналған xалықаралық конференцияда.

Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек шығарушы компанияларды тексеру шаралары күшейтіледі. Бұрын ондай кәсіпорындар бір рет қана инспекциядан өтсе, алдағы уақытта үш жылда бір рет тексерілетін болады. Осының арқасында медициналық препараттардың сапасын арттыру жоспарланған.

Айта кетейік, конференцияның ресми бөлімінде Арнұр Нұртаев арнайы заңның аясында дәрі-дәрмектің бағасы қалай арзандайтынын түсіндірді. Ал профессор Мақсұт Құлжанов дәрі-дәрмектің қымбатшылығын бір мысалмен дәлелдеп берді.