Жалған дипломмен жұмыс жасап келген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрманғазы аудандық сотының үкімімен Д. Рахметов Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 385-бабының 3-бөлігімен (көрінеу жалған құжатты пайдалану) кінәлі деп танылып, оған осы баппен айыппұл жазасы тағайындалды.

Сотта анықталғандай, Д. Рахметов 2003 жылғы 27 шілдеде Атырау қаласының теміржол вокзалында Әлібек есімді танысынан 95 мың теңгеге Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» факультетінің сырттай бөлімін бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алғандығы туралы дипломын сатып алған. Дипломның жалған екендігін біле тұра, оны «Төбеарал ойл» ЖШС-не тапсырып, 2015 жылғы 18 мамырда 3 ай сынақ мерзімімен технолог ретінде жұмысқа орналасады.

Сотта Д. Рахметов жалған дипломмен жұмыс жасағанын мойындап, өзінің отбасында жалғыз асыраушы екендігін ескеріп, жеңіл жаза беруді сұрады.

Сот сотталушының жауабына, дәлелдемелерге баға беріп, Д.Рахметовті ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оның өкінуін, бұрын сотталмағандығын, отбасылық жағдайын ескеріп, оған 49 550 теңге мөлшерінде айыппұл жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.