Жалған еңбекке жарамсыздық парағы: Қызылордада екі тұлғаға үкім шықты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметіне тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін анықтады. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді.

Фото: hrl.kz/ru/news

— Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынған. Алайда, мемлекеттік қызметші жұмыста болмаған себебін жасыру және жұмыстан қалуын заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған, — деп хабарлады құзыорлы органнан.

Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны анықталған.

— Прокурорлық тексеру материалдары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, іс сотқа жолданды. Соттың үкімімен аудандық аурухана дәрігері жалған құжат дайындағаны үшін ҚК-нің 385-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеужазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

Ал, Бөлім басшысы көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылғы қаңтар айынан бастап берілген 4,3 миллионнан астам еңбекке жарамсыздық парағын цифрландырды.