Сотта Т.-ның ШҚО ІІД патрульдік жол полициясының батальон полициясы лауазымында қызмет атқарып жүріп, Әкімшілік полиция басқармасы ғимаратының маңында өзінің танысына қарыз ретінде ресейлік 36 мың рубль мөлшерінде ақша қаражатын бергендігі анықталды.
Борышкер К. оған қарызды уақытында қайтармаған, соған байланысты Т. ӘҚБтК-нің 591-бабының бірінші бөлігінде көзделген (көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы) әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп азамат К.-ға жалған хаттама толтырып, оған өзі қол қойған.
Осыған ұқсас тағы 5 жалған хаттама жасап, күдік туғызбас және бұзушылық қайталанбас үшін оларды әрбір аудандарға бағыттап жіберген. Осы көрсетілген хаттамалар негізінде К. әкімшілік жауапқа заңсыз тартылып, оның конституциялық құқықтары бұзылған.
Сот Т.-ны Қылмыстық кодекстің 361-бабының екінші бөлігінде, 416-бабының екінші бөлігінде қарастырылған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оның мүлкін тәркілеусіз, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен қатар, 850 АЕК мөлшерінде 1 684 700 теңге сомасында айыппұл салуға үкім етті.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.