13:45, 01 Сәуір 2009
Жалған кәсіпкерлік саласындағы қылмыстар арнайы жүйе арқылы әшкереленетін болады
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Қаржы полициясы жалған кәсіпкерлік қылмыстарының алдын алу және дер кезінде анықтау мақсатында тәуекелдерді саралау және басқару жүйесін енгізеді.
Бұл туралы Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш жүйе әзірге жасақталу үстінде. Оның айтуынша, жүйе ? ел аумағындағы бюджет саласы және
экономиканың маңызды салаларындағы жалған кәсіпорындар мен олардың контрагенттерінің қарым-қатынастарын анықтауға мүмкіндік бермек. «Қазынашылық комитеті және Салық комитетінің мәлімет қорлары біріктіріледі. Тәуекелдерді саралау және басқару жүйесі қордағы ақпарларды салыстыра отырып, жалған кәсіпорындарды анықтайды»,- деді М.Жұманбай.Жалған кәсіпкерлік қылмыстары жыл өткен сайын көбеюде. 2008 жылы Қаржы полициясының қызметкерлері 360 істі тергеді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 27,3 пайызға артық. Ал жыл басынан бері жалған кәсіпкерлікті құру фактісі бойынша 52 қылмыстық іс қозғалған.Осы саладағы қылмыстардың қарқын алуына байланысты қылмыстық жауапкершілік 3 жылдан 7 жылға ұзартылды.