Жалған кәсіпкерліктен келген шығын 60 млрд. теңгеден асты

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2009 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша жалған кәсіпкерліктен келген шығын 60 млрд. теңгеден асып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2008 жылдың қазанында еліміздегі жалған кәсіпкерліктің саны 333 болса, 2009 жылғы сәуірдің 1-індегі дерек бойынша олардың саны 394-ке жеткен. Бұндай кәсіпкерліктің барлығы сот тарапынан арнайы анықталып, олардың «жалған» екендігі жөнінде сот шешімі шығарылады. Сонымен бірге бүгінгі күні жалған кәсіпкерлік салдарынан елімізге келтіріліп отырған шығын да қомақты. Бұндай жалған кәсіпкерлік қаражаты қаржы мамандарының тілінде «толық төленбеген төлем-2» деп аталады. Мәселен, осындай жалған кәсіпкерлік салдарынан өндіріп алуға үміт болмайтын қаржы 2008 жылдың қаңтарында 20 млрд. теңге болған. Ал 2009 жылдың қаңтарында бұл 51 млрд. теңгені құраса, 2009 жылғы сәуірде 60 млрд. теңгеге жетті», - деді Б. Жәмішев. Оның айтуынша, мұндай төлемдер жалған кәсіпкерлік қызметімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың мемлекет қазынасына қайтуы да екіталай. Ал қолданыстағы заңнама бойынша сот шешімімен жалған кәсіпкерліктен туатын осындай төлемдердің барлығы есептен шығарылып, жойылады.