14:59, 29 Сәуір 2009
Жалған кәсіпкерліктің жолын кесуге бағытталған жоба мақұлданды
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жалған кәсіпкерліктің жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасында еліміздің Азаматтық, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер жалған мәміле жасаған салық төлеушінің адал келісімшарт жасаушы агенттеріне фискалдық органдар тарапынан негізсіз тексеруге ұшырамауына мүмкіндік беретін болады. Бұл бүгінгі тәжірибеде орын алып отырған мәселе. Сонымен бірге «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдарға түзету қарастырылады.
Заң жобасының негізгі мақсаты - салық әкімшілігін жүргізуді күшейту. Соңғы жылдары орын алған құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың өсуіне байланысты жалған кәсіпкерлік фактілерінің жолын кесу әдістерінің тиімді жолдары қарастырылуда.
Заң жобасы коммерциялық ұйымдардың ғана емес, жеке кәсіпкерлердің де жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жауапкершілікке тартылатынын айқындап беріп отыр.
Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылды.